Еуразиялық үштіктің қай-қайысы болса да аты көпке мәлім. Солардың арасында аты көп атала бермейтін сұр кардинал Потох Шодиев деген мықты бар. Кезінде атамыздың тілін тауып, қазақтың ен байлығын еркін игерген Шодиев ел ішінде көп бола бермейді. Көбінде ол кісі шетелде жатып, бизнес империясына алыстан дүрбі салып, бақылағанды жөн санайды.
Патох Каюмович 1953 жылы 15 сәуірде Өзбекстанның Жизақ қаласында дүниеге келген. 1976 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО) халықаралық құқық және жапон тілі мамандығы бойынша үздік бітіреді. Ол жапон тілін жетік меңгеріп, кейіннен саяси ғылымдар докторы дәрежесін алған. Шодиев Жапонияда КСРО Сауда өкілдігінде кеңесші болып жұмыс істегенінін де білеміз.
Бір сөзбен айтсақ, Патох мырзаны болмай қалған дипломат десе болатындай… Оның бел жазбай жұмыс істейтін жалынды жастық шағы 90 жылдардағы астаң-кестең дүниемен тұспа-тұс келіп, Патох Каюмович бизнесті таңдайды.
Жоғарыда Шодиевтің өмір-хамсасынан аздаған үзіндіні бекерге беріп отырған жоқпыз. Тоқсаныншы жылдары ол өзіміздің Назарбаевпен ауыз жаласып, қазақтың ен байлығын барынша бауырына басып қалды. Осының арқасында ол ТМД-дағы ең бай адамдардың біріне айналып шыға келгені көпке мәлім. Осылайша, жапон тілінің маманы Шодиевтің жас кезіндегі «білікті дипломат боламын» деген арманы әдірем қалады.
Бірақ көкейінің бір бұрышында бұғынып жатқан арман адамға маза бермейтіні анық. Көкейдегі арман бір әрекетке айналып, сыртқа шығатыны белгілі.
Патох Каюмович 1996 жылы өзінің халықаралық қайырымдылық қорын (International Chodiev Foundation) құрып, қайырымдылық ісіне белсене араласа бастайды.
Қазіргі таңда бұл қор – Лихтенштейнде орналасқан маңызды қайырымдылық қорларының бірі. Қазақтың ақшасына құрылған Еуропадағы ең беделді қор десек болады. Бірақ, одан қазаққа келіп-кетер пайдасы шамалы…
«Шодиев қайырымдылық қорын құрып, қазақтың қағанағын қарық, сағанағын сарық қылды» десек ешкім сенбесі анық. Иә, азды-көпті көмеген көрсетсе, көрсеткен шығар. Ол жайында кейін айта жатармыз.
Wikipedia энциклопедиялық сайтындағы анықтамасына назар аударсақ, Шодиевтің қоры бастапқыда Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) студенттеріне грант мен стипендияны шүленше таратып, көрші елдің жастарын әбден жарылқағанын білесіз. Қайтсін енді, кезінде өзі оқыған оқу орыны емес пе? Бұдан кейін де оқу орынға академиялық зерттеулерінен ақшасын аямапты.
Осылайша Патох Шодиев атындағы халықаралық қайырымдылық қоры аз ғана уақыттың ішінде өнерді, балаларға арналған жобаларды қолдайтын халықаралық филантропиялық орталыққа айналып шыға келеді. Бұл енді Шодиевтің 2000 жылдарға дейін атқарған шаруасы.
Дәл осы ретте Шодиевтің қордың 2000 жылға дейін Қазақстанға ат ізін салды ма екен деген сұрақ туындайды. Бұған жауап табу қиын. Бірақ Шодиевтің қоры 2000 жылдың басында Ресейдегі ең беделді қайырымдылық қоры ретінде танымал болған.
Айтпақшы, 2020 жылы Шодиевтің курстасы Ольга Монахова өзінің «Ресейдегі филантропияның болашағы: Халықаралық Шодиев қорының тәжірибесі» атты еңбегінде бұл ұйымды ТМД-дағы ең ірі қайырымдылық қорларының бірі ретінде сипаттап, бағасын берген.
Осылайша қазақтың кен байлығын сатып, іші майланған Шодиевтің жеке қоры аздаған жылдың ішінде Ресейдегі оқу орындарды жарылқайтын «беделді» қорға айналғанын байқаймыз.
2002 жылы Шодиев қоры Мәскеуде балалар үйін қайта қалпына келтіруге көмектесіп, артынша Одесса Балаларды реабилитациялау орталығын қолдаған.
Бұл аз десеңіз, Шодиев қоры Ресейде «СМИротворец» журналистика байқауын бірнеше жыл қатарынан қаржыландырып демеушілік жасағанын білеміз. Байқаудың мақсаты – Ресейдегі түрлі халықтар мен этникалық топтар арасындағы мәдени байланыстар туралы сапалы журналистік материалдарды анықтау және көтермелеуге бағытталыпты.
Дәл осы бағытта Қазақстанда журналистер арасында Шодиевтің Қазақстанда байқау ұйымдастыру басына неге келмеді екен, а? Әлде бізді қомсынбады ма? Кім білсін? Бұл да біз үшін жауабы жоқ сұрақ болып тұр.
COVID-19 әлемді апшысына салып, қуырған тұста Патох Каюмовичтің бүйрегі қайда бұратына көзіміз анық жетті.
Шодиевтің қоры дәл осы кезде Қазақстанды көктей өтіп, Өзбекстандағы қарт адамдар мен төмен табысты отбасыларға азық-түлік пен дезинфекциялық құралдар жеткізгенін сол кезде қазақ ақпарат құралдары жарыса жазғаны есімізде.
Сонымен қатар, Ташкенттің қайырымдылықты үйлестіру орталығына гуманитарлық көмек көрсетіп, Өзбекстаннің Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Вирусология зерттеу институтына заманауи медициналық жабдықтар мен жеке қорғаныс құралдарын сатып алып бергенін де білеміз.
Бұл жерде Патох Каюмович «пандемия кезінде Қазақстанға да көмек көрсеттім» бұлқан-талқан болып ашулануы мүмкін. Иә, ел басына күн туғанда ақпарат құралдарындағы жазбаларынан кейін Шодиев қазақтардың да аузына су тамызғандай болғаны есімізде. Оны жырдай қылып айтуға да келмейді.
Шодиев қоры негізінен жақсылық жасауынан Қазақстанға жасауы керек еді. Өйткені бар табысын қазақ жерінен тауып отыр емес пе? Сондықтан оның итке сүйек тастағандай көмегін ауызға алып айтып жатудың өзі артық.
Осылайша қоры қиын кезеңде кімнің жыртысын жыртатынына көзіміз жетті. Біздің Шодиев қоры жайында сөз еткен ойымыз көп әңгіменің бірі ғана. Алдағы уақытта Ресейдегі танымал қордың алыстағы Жапонияны қалай жарылқағанын жазатын боламыз.
Нұрлан Жұмахан