Қазақстанда қарапайым смартфонды спутникке тікелей қосатын Starlink Mobile қызметі іске қосылды. Direct to Cell технологиясы үшін арнайы спутниктік телефон, сыртқы антенна немесе жеке терминал сатып алудың қажеті жоқ, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Beeline Қазақстан мен Starlink серіктестігі аясында жүзеге асырылып отыр. Технологияны енгізу жөніндегі уағдаластыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы АҚШ сапары кезінде қол жеткізілді. Сол сапарда тараптар Қазақстанның шалғай аумақтарын спутниктік байланыспен қамтуға бағытталған меморандумға қол қойды.
Алғашқы далалық сынақ кезінде кәдімгі ұялы телефон арқылы спутниктік желімен хабарлама жіберіліп, мессенджерде қоңырау жасалды. Starlink жерсеріктері Beeline-ның жерүсті мобильді желісімен біріктірілді. Қазақстан Direct to Cell технологиясын іс жүзінде сынаған Орталық Азиядағы алғашқы ел атанды.
Қызметтің алғашқы кезеңінде абоненттер жерүсті желісі жоқ аумақта хабарлама жіберіп, жеңіл интернет сервистерін пайдалана алады. Жылдамдық пен қолжетімді функциялар кәдімгі 4G желісін толық алмастырмайды. Технология әзірге байланыс мүлде жоқ жерде ең қажетті цифрлық қызметтерді ұсынуға бағытталған.
Шалғай аймақтардағы қауіпсіздік күшейеді
Қазақстан аумағының үлкендігі байланыс инфрақұрылымын дамытуда ерекше шешімдерді қажет етеді. Кейбір ауылға, таулы аумаққа немесе даладағы автожолға базалық станция салу техникалық жағынан күрделі әрі қымбат. Direct to Cell осындай жерлердегі байланыс ақтаңдақтарын спутник арқылы жабуға мүмкіндік береді.
Қызмет әсіресе қала сыртындағы тасжолда, жайылымда, тауда және халық сирек орналасқан өңірлерде пайдалы болуы мүмкін. Байланыс аясынан шығып кеткен адам жақындарына хабарлама жіберіп, орналасқан жері туралы мәлімет бере алады. Төтенше жағдай кезінде мұндай мүмкіндік адам өмірін сақтап қалатын қосымша арнаға айналуы ықтимал.
Спутниктік желі қолданыстағы ұялы инфрақұрылымды алмастырмайды. Ол жерүсті станцияларының сигналы жетпеген немесе табиғи апат салдарынан желі істен шыққан кезде қосылады. Министрлік технологияның ел аумағын толық байланыспен қамтуға және желінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
Телефон спутникті көруі үшін пайдаланушы ашық аспан астында болғаны жөн. Биік ғимараттар, тау шатқалы, қалың орман немесе жабық ғимарат сигналдың қосылуын қиындатуы мүмкін. Жерүсті байланысы қайта пайда болғанда смартфон әдеттегі мобильді желіге оралады.
Starlink Mobile қызметіне қалай қосылады
Қазіргі кезеңде қызмет LTE немесе 4G қолдайтын үйлесімді Android смартфондарына және Beeline SIM-картасына қолжетімді. Арнайы аппарат сатып алудың қажеті жоқ, бірақ телефон бағдарламасы мен желілік баптаулар жаңартылған болуы керек. Үйлесімді құрылғылар тізімі қызмет кеңейген сайын өзгеруі мүмкін.
Алдымен Janymda қолданбасын соңғы нұсқасына дейін жаңарту қажет. Қосымшаның Starlink Mobile бөлімінен қызмет іске қосылып, телефон баптауында деректер роумингі қосылады. Кей жағдайда қолданба геолокацияға рұқсат сұрауы мүмкін.
Жерүсті сигналы жоғалған кезде смартфон спутниктік желіні автоматты түрде іздейді. Қажет болса, желілер тізімінен Beeline Starlink атауын қолмен таңдауға болады. Кейбір телефонда ол 401 04 коды түрінде көрінеді.
Экранда роумингті білдіретін R белгісі пайда болып, желіге қосылғаны туралы SMS келуі мүмкін. Қосылу бірден орындалмаса, ашық жерге шығып, телефонды бірнеше минут қозғалтпай ұстаған дұрыс. Қызметтің бағасы, интернет мүмкіндігі және қолдау көрсетілетін смартфондар туралы нақты мәліметті Janymda қолданбасынан немесе Beeline-ның ресми парақшасынан тексеруге болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







