Абай облысында ауыр жүк көліктерінің күре жолдарға келтіретін залалын азайту және заңсыз кірме жолдарды жабу шаралары күшейтіледі. Өңір әкімі Берік Уәли жауапты органдарға бірлескен рейдтер өткізіп, тасымалдаушылардың салмақ талаптарын сақтауын қатаң бақылауды тапсырды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Кеңеске «ҚазАвтоЖол», көлік прокуратурасы, көліктік бақылау инспекциясы, полиция мен «Қазақстан темір жолы» өкілдері қатысты. Жүк тасымалдаумен және өндірістік жобалармен айналысатын компаниялар да жиынға шақырылды. Тараптар жолдардың жай-күйін, бақылау бекеттерін айналып өту және күре жолдарға рұқсатсыз қосылу деректерін талқылады.
Абай облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 2175 шақырымды құрайды. Оның 76 пайызы жақсы және қанағаттанарлық, ал 24 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Соңғы екі жылда «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Қалбатау – Майқапшағай» бағыттарындағы 583 шақырым жол жаңартылды.
Бұдан бөлек, 258 шақырым жолға асфальт төселіп, биыл тағы 154 шақырымда орташа жөндеу жүргізілуде. Алайда жаңартылған жолдардың бір бөлігіне шамадан тыс жүк тиеген көліктер қайтадан салмақ түсіріп отыр. Республикалық жолдардың 710,5 шақырымы кен, қиыршық тас, құм-қиыршықтас қоспасы мен басқа материалдарды тасымалдайтын ауыр көліктердің тұрақты бағытына айналған.
«Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас», «Алматы – Өскемен», «Таскескен – Бақты» және «Омбы – Майқапшағай» жолдарындағы жүктеме әсіресе жоғары. Алдын ала есеп бойынша рұқсат етілген салмақтан асқан көліктер жолдарға шамамен 206 млн теңге залал келтірген. Мұндай жағдай бюджет қаражатына жөнделген инфрақұрылымның пайдалану мерзімін қысқартып, қайта жөндеуге қосымша шығын әкеледі.
Берік Уәли аудандарды аралаған кезде тұрғындардан ауыр көліктердің жолды бүлдіруіне қатысты шағымдар жиі түсетінін айтты. Әкім «ҚазАвтоЖол» филиалына көліктік бақылау инспекциясы және полициямен бірлесіп рейд жүргізуді тапсырды. Бақылау халықтан түскен өтініштер мен жүк көліктері көп жүретін бағыттар негізінде ұйымдастырылмақ.
Қазір жолдардың 691 және 783 шақырымдарында автоматтандырылған салмақ-габариттік бақылау станциялары орнатылған. Соған қарамастан кейбір жүргізушілер бекеттерді өздері салған рұқсатсыз жолдармен айналып өтеді. Заңсыз кірме жолдар қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіріп, су бұру жүйесі мен жол жабынының бұзылуына себеп болады.
Кеңес қорытындысында жүк тасымалдаушы компаниялардың салмақ параметрлерін сақтауын қатаң бақылау міндеттелді. Қажет болған жағдайда өндірістік кәсіпорындарға бөлек техникалық жолдар салу мүмкіндігі қарастырылады. Республикалық жолдарға заңсыз қосылған учаскелер кезең-кезеңімен жойылып, атқарылған жұмыстың нәтижесі әр тоқсан сайын әкімдік деңгейінде қаралады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







