Жамбыл облысының Меркі ауданында көз жұмған 19 жастағы Мәдина Рашидқызы 17 тамызда жер қойнына тапсырылды. Күйеуінен кетуге қамданып, жолға 15 мың теңге іздеген жас ананың артында сегіз айлық сәбиі қалды. Полиция оның өліміне байланысты өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәдина Өзбекстан азаматы болған, ал күйеуі Қазақстан азаматы. Екеуі екі жылға жуық отасқан. Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның құрбысы Зейнеп Мұсахожанова Threads желісінде олардың хат алмасуын жариялап, Мәдинаның отбасындағы жанжал мен күйеуінің қол көтеретіні жөнінде бұған дейін де бірнеше рет айтқанын жеткізді.
Соңғы кикілжің бір «Барни» бисквитінен басталған. Мәдинаның жазуынша, күйеуі тәттіні баласына әкелген, ал ол біреуін жеп қойған.
«Бүгін Мадиярмен қатты ұрыстым. Бір “Барни” шоколад үшін ұрыстық қой. Тіпті ұрып жіберді. Балаға алып келіпті, содан біреуін алып жегем. Соған “Неге жейсің, мен оны балаға алып келдім?” деді», — деп жазған ол құрбысына.
Марқұм жанжалдан қашып, дәретханаға кіргенін, алайда күйеуі артынан барып, басынан ұрғанын айтқан.
«Ол келіп, басымнан ұрды, мен құлап қалдым. Елестетші, бір “Барни” үшін», — делінген хатта.
Ертеңіне Мәдина жиналған чемоданының суретін жіберіп, күйеуінен кетуге және ажырасуға бел буғанын хабарлаған. Жол қаражатына құрбысынан 15 мың теңге қарыз сұрапты. Зейнептің қолында мұндай ақша болмағандықтан, таныстарынан көмек іздей бастаған. Алайда көп ұзамай оған Мәдинаның көз жұмғаны туралы хабар жеткен.
Зейнеп марқұмның денесіндегі көгерген іздерді бұрын да өз көзімен көргенін, Мәдинадан жарақат суреттерін алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жерлеу алдында жас әйелдің денесінде сау жер қалмаған, ал шашынан нан қоқымы табылған. Құрбысы осыған қарап, Мәдинаны еденмен сүйреуі мүмкін деген болжам келтірген. Құқық қорғау органдары аталған мәліметтерге әзірге ресми баға берген жоқ. Зейнеп соңғы жанжалдың тікелей куәгері болмаған, ол оқиғаны марқұмның хаттары арқылы білген.
Журналист не дейді?
Мәдинаның жаназасына қатысқан журналист Аружан Дүйсебаева әлемжеліде марқұмның қайын жұртынан ешкім келмегенін жазды. Оның сөзінше, қазір желіде марқұмның жағдайын қоғамға жеткізген құрбысын қаралап жатқандар бар. Алайда қаралы отбасыға жүгіріп жүріп көмектесіп, жан-жақты ақпарат таратып, марқұмның анасына сүйеу болған да сол Зейнеп.
«Анасының боталап жылағаны бір бөлек. Сегіз айлық сәбидің анасын қалай іздеп жатқанын ойласам, жүрегім ауырады. Жаназада қайын жұрты болмады. Солардың әулетін көбейтіп, бар тірлігін істеп, бір “Барни” үшін өмірден өткен қыздың қадірі мүлдем болмағаны ғой ол отбасында. Болса, қоштасуға келер еді, кешірім сұрап жылар еді», — деп жазды журналист.
Жамбыл облыстық полиция департаменті Мәдинаның өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды», — делінген полиция мәлімдемесінде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







