Kaspi.kz Банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қосылып, өзге қазақстандық банктермен QR-төлем және телефон нөмірі арқылы аударым жасау мүмкіндігін іске қосты. 17 шілдеден бастап жаңа сервис Kaspi.kz клиенттері мен серіктестеріне қолжетімді болды, – деп жазады Ertenmedia. kz.
Енді Kaspi.kz серіктестері Қазақстан аумағындағы 700 мыңнан астам сауда нүктесінде кез келген отандық банктің клиентінен Kaspi QR арқылы төлем қабылдай алады. Сатып алушы өз банкінің мобильді қосымшасын ашып, Kaspi POS құрылғысындағы QR-кодты сканерлеуі жеткілікті.
Жүйе кері бағытта да жұмыс істейді. Kaspi.kz клиенттері басқа қазақстандық банктердің QR-кодын сканерлеп, тауар мен қызмет ақысын Kaspi қосымшасы арқылы төлей алады.
Банкаралық интеграция ақша аударымдарын да жеңілдетті. Kaspi.kz клиенттері енді телефон нөмірі арқылы өзге банктерден қаражат қабылдап, басқа банктің клиентіне ақша жібере алады.
Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе жаңа жүйе клиент пен кәсіпкер үшін төлем жасауды барынша қолжетімді етуге бағытталғанын айтты.
«Серіктестерімізге кез келген банктің клиентінен төлем қабылдау ыңғайлы болғанын, ал клиенттеріміздің барлық жерде оңай есеп айырысуын қалаймыз. Жүйені сенімді, қауіпсіз және барлық қатысушыға қолайлы ету үшін Ұлттық Банкпен және банк қауымдастығымен бірнеше жыл бойы бірлесіп жұмыс істедік», – деді Михаил Ломтадзе.
Ол Банкаралық мобильді төлемдер жүйесін дамытуға атсалысқан Қазақстан Ұлттық Банкі мен қаржы нарығы өкілдеріне алғыс білдірді. Сонымен қатар Kaspi.kz клиенттері мен серіктестерінің сенімі компания үшін маңызды екенін атап өтті.
Жаңа сервис қазақстандық төлем нарығындағы банктер арасындағы технологиялық үйлесімділікті кеңейтеді. Клиентке төлем жасау үшін сауда нүктесі қызмет көрсететін банкті алдын ала анықтау қажет болмайды. Ал кәсіпкерлер бірнеше банктің жеке терминалын орнатпай-ақ, әртүрлі мобильді қосымша арқылы төлем қабылдай алады.
Қызметтің жұмыс тәртібі мен төлем жасау шарттары серіктестерге және клиенттерге арналған Kaspi Гид сервисінде көрсетілген.
Kaspi.kz өнімдері мен сервистерін Қазақстан және Түркияда 25 миллионнан астам клиент пен 900 мың серіктес пайдаланады. Қазақстандағы суперқосымша төлем, электрондық коммерция, онлайн-супермаркет, финтех, саяхат, хабарландыру, мемлекеттік қызмет және күнделікті өмірге арналған өзге сервистерді біріктіреді.
Компания Түркияда елдегі жетекші электрондық коммерция платформаларының бірі саналатын Hepsiburada-ға иелік етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







