Батыс Қазақстан облысында алғаш рет жел электр станциясы салынады. Қуаты 50 МВт болатын энергетикалық нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылады. Бүгін құрылыс алаңында уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен қытайлық инвесторлар қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жел электр станциясын салуға 140 гектар жер бөлінген. Аукцион қорытындысы бойынша жобаны «GREEN ENERGY INDUSTRIAL COMPANY CENTRAL ASIA» ЖШС жүзеге асырады. Компания директоры Гао Венкенің айтуынша, инвестиция көлемі 21 млрд теңгені құрайды.
Жобаны бастамас бұрын аумақта анемометр орнатылған. Сегіз ай бойы жүргізілген метеорологиялық бақылау жел жылдамдығы станцияның тұрақты жұмыс істеуіне жеткілікті екенін көрсеткен.
Құрылыс осы айда басталып, келесі жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Нысан іске қосылғаннан кейін 5 адам тұрақты жұмыспен, 50 адам маусымдық жұмыспен қамтылады. Жобаның кепілдік мерзімі 20 жыл деп белгіленген.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын айтты. Оның сөзінше, жел электр станциясы аймақ экономикасына серпін беріп, инвестициялық тартымдылықты арттырады.
Жуырда Жәнібек ауданының Өнеге ауылында гибридті электр станциясының құрылысы да басталады. Бұл жобалар өңірдің сырттан келетін энергияға тәуелділігін азайтуға бағытталған.
Соңғы үш жылда облысты энергиямен жабдықтау саласына 44 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған. Биыл тағы 20 млрд теңге бөлінді. 2029 жылға қарай электр желілерінің тозу деңгейін 11 пайызға төмендету жоспарланып отыр.
Батыс Қазақстан үшін мұндай жоба тек баламалы энергия көзі емес. Ол өңірдің энергетикалық тұрақтылығын күшейтіп, өндіріс пен тұрмысқа қажет инфрақұрылымды жаңартуға арналған нақты қадам саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







