Құрылтай сайлауы күні Алматы облысындағы сайлау учаскелерінен әдетте рингте, кілемде немесе халықаралық жарыстарда көретін танымал спортшыларды кездестіруге болды. Олимпиада жүлдегерлері, әлем чемпиондары және ұлттық құрама көшбасшылары өз таңдауларын жасап, азаматтық белсенділік танытты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі, 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадраев та сайлауға қатысты. Халықаралық ареналарда ел намысын қорғап жүрген балуан дауыс беру учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Дауыс бергендердің арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Балауса Муздиман да болды. Ол 2023 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, бір жылдан кейін Таиландта WBA Asia белбеуін жеңіп алған еді.
Стенд атудан Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы, Азия ойындарының чемпионы Асем Орынбай да Құрылтай сайлауына қатысты. Әлемдік жарыстарда дәлдік пен зейінді басты қағидаға айналдырған спортшы бұл жолы азаматтық таңдауын білдірді.
Бокстан үш дүркін әлем чемпионы, Олимпиаданың қола жүлдегері Назым Қызайбай Жаңашар ауылында дауыс берді. Ол оқу-жаттығу жиынында жүргеніне қарамастан, сайлауға қатысу үшін алдын ала есептен шығару куәлігін рәсімдеген.
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов Қонаев қаласындағы №949 сайлау учаскесіне келді. ММА әлеміндегі ең танымал қазақстандық спортшылардың бірі де Құрылтай депутаттарын сайлауда өз таңдауын жасады.
Азамат ретінде таңдау жасау маңызды
Есік қаласындағы №123 сайлау учаскесінде тұрғындарды Қазақстан ұлттық бокс құрамасының өкілдері ерекше таңғалдырды. Қазір Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан боксшылар дайындық кестесіне қарамастан, дауыс беруге уақыт бөлді.
Олардың қатарында Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов, Оразбек Асылқұлов, Төрехан Сабырхан, Абылайхан Жүсіпов, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай, Сағындық Тоқамбай, Айбек Оралбай және өзге де құрама мүшелері болды.
Спортшылардың сайлау учаскесіне бірге келуі тұрғындар үшін күтпеген кездесуге айналды. Сайлаушылар мүмкіндікті пайдаланып, боксшылармен естелік суретке түсіп, алдағы жарыстарда сәттілік пен жаңа жеңістер тіледі.
Ұлттық құрама мүшелері үшін бұл күн жаттығу мен жарыс кестесінің арасындағы қысқа үзіліс қана болған жоқ. Олар азамат ретінде сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауға мүмкіндік тапты.
Осылайша Алматы облысындағы сайлау учаскелерінде спорттағы атақ пен медаль екінші қатарға ығысты. Олимпиада жүлдегері де, әлем чемпионы да, ұлттық құрама мүшесі де бюллетень алдында өзге сайлаушылармен бірдей азамат ретінде таңдау жасады.
Спортшылардың сайлауға қатысуы қоғамдық жауапкершіліктің кәсіби қызметке немесе жаттығу кестесіне тәуелді емес екенін көрсетті. Рингте, татамиде немесе спорт алаңында нәтижеге жауап беруге үйренген чемпиондар бұл жолы елдің қоғамдық-саяси өміріндегі таңдауға қатысты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







