Қазақстанда цифрлық кеңістік пен жасанды интеллектті дамыту жылы аясында киберқауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және телекоммуникация саласын жаңғыртуға бағытталған ауқымды заңнамалық өзгерістер қабылданды. Жаңа талаптар мемлекеттік жүйелермен қатар, азаматтардың мәліметін жинайтын жеке компаниялардың да жауапкершілігін күшейтеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Елде алғаш рет цифрлық инфрақұрылымды қорғаудың бірыңғай құқықтық негізі қалыптастырылды. «Цифрлық кодекс» пен киберқауіпсіздік саласындағы жаңа нормалар аса маңызды ақпараттық жүйелерді қорғау тәртібін нақтылады. Стратегиялық цифрлық нысандарды бақылауда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілеттігі кеңейтілді.
Еңбек заңнамасына жұмыс беруші мен жұмыскердің кибермәдениет талаптарын сақтау міндеті енгізілді. Мемлекеттік қызметшілер мен аса маңызды инфрақұрылымда еңбек ететін мамандар жыл сайын арнайы оқытудан өтуге тиіс. Негізгі цифрлық нысандардың меншік иелеріне қауіпсіздік аудитін тұрақты жүргізу талабы қойылды.
Жаңа Конституцияда дербес деректерді қорғау қағидаты жеке деңгейде бекітілді. Медициналық, банктік және коммерциялық құпия сақталған жүйелерге кіру кезінде міндетті биометриялық сәйкестендіру қолданылмақ. Қолданыстағы Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді.
Деректердің таралып кеткені анықталса, ұйымдар енді уәкілетті органмен қатар, мәліметі жария болған азаматтың өзін де ресми хабардар етуге міндетті. Заңнамада жеке тұлғаны анықтайтын деректердің құрамы нақтыланып, оған аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі, бейнесі және биометриялық векторы енгізілді. Ірі деректер операторларын арнайы тізілімге алу тәртібі де күшейтілді.
Министрлік жүргізген тексерулер ірі компаниялармен қатар, сұлулық салоны, фитнес орталығы және интернет-платформа секілді шағын кәсіп иелерінің де ақпараттық қауіпсіздікке салғырт қарайтынын көрсеткен. Кейбір ұйымда деректі қорғаудың қарапайым саясаты мен базалық техникалық құралдары болмаған. 2024 жылдың өзінде ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау бағытында 270 тексеру жүргізілген.
Цифрлық кодекс дәуірі
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев дерек жоғалту оқиғасының басым бөлігі күрделі жүйенің бұзылуынан туындамайтынын айтты. Оның пікірінше, негізгі қауіп адами фактордан, заңды тіркелгілерді дұрыс пайдаланбаудан және цифрлық гигиена талаптарын елемеуден шығады. Сондықтан кибермәдениет ұйымның көлеміне қарамай, әр қызметкердің күнделікті міндетіне айналуға тиіс.
Өзгерістер байланыс саласын да қамтыды. Әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қосымшаларға тарифсіз қолжетімділік беру, ресми қоңырауларды таңбалау және абоненттік құрылғыларды тексеруді мемлекеттік бақылауға алу қарастырылған. Қосымша ақылы қызмет енді абоненттің екі мәрте келісімінен кейін ғана қосылады.
Алаяқтықпен күресу үшін банктер мен компаниялардың ресми қоңырауын тануға мүмкіндік беретін жүйе енгізіледі. Интернет-провайдерлер мен интернет арқылы телефон байланысын ұсынатын қызметтер лицензияланады. Жарнамалық хабарлама мен автоматты қоңыраудан бас тарту рәсімі де жеңілдетілмек.
Қазақстан цифрлық қауіпсіздікті күшейтумен қатар, байланыс инфрақұрылымын кеңейтіп жатыр. 2026 жылдың соңына дейін тағы 3 мың ауылға талшықты-оптикалық желі жеткізіліп, 2027 жылы ауылдардың 90 пайызы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Шалғай елді мекендер спутниктік байланыс арқылы желіге қосылады.
Ескірген үшінші буындағы мобильді желілерді төртінші және бесінші буын стандарттарына көшіру жұмысы да жалғасып келеді. Телефонды жерүсті базалық стансасыз тікелей спутникке қосатын Direct-to-Cell технологиясын енгізу шалғай аумақтардағы байланыс мәселесін шешуге тиіс. Мұндай жүйе төтенше жағдай кезінде де тұрақты байланыс арнасын сақтауға мүмкіндік береді.
Каспий теңізінің табаны арқылы тартылатын трансшекаралық талшықты-оптикалық кабель мен «Батыс – Шығыс» гипермагистралы Қазақстанның халықаралық дерек алмасу мүмкіндігін кеңейтеді. Павлодар облысының Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының құрылысы басталды. Жобаның жалпы әлеуеті 1 гигаватқа дейін жетіп, мұнда әлемдік технологиялық компанияларды орналастыру көзделген.
Қабылданған заңдар мен инфрақұрылымдық жобалар цифрландырудың жылдамдығына ғана емес, оның қауіпсіздігіне де басымдық беріп отыр. Деректі қорғау тек мемлекеттің немесе арнайы қызметтің міндеті болып қалмай, ақпарат жинайтын әр ұйымның тікелей жауапкершілігіне айналады. Сенімді қорғалған цифрлық кеңістік мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып, инвесторлар мен азаматтардың жаңа технологияға деген сенімін күшейтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







