Мәжілістегі қызметін аяқтаған Дәулет Мұқаев алдағы Құрылтайдан депутаттық мандат күдер үзгенін байқадық. Шашын тақырлап алып, саяси хаттамадан еркін өмірге бір-ақ секіріпті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Дәулет мырза әлеуметтік желідегі парақшасында сән қуаламайтынын айтыпты. Расында, жаңа образына қарасаң, депутаттықты былай қойғанда, галстук тағатын өзге қызметтен де дәмесі жоқ екені байқалып тұр. Саясатта шаш үлгісінің өзі кейде бейресми мәлімдемеге айналып кететіні белгілі ғой.
Мәжілісте жүргенде Дәулет Мұқаев камерасы бар көзілдірік тағып келіп, сұрақ қойған журналистерді өзі түсірген еді. Ол кезде депутат пен тілші арасындағы әңгіме кім кімді бақылап тұр деген шағын медиаспектакльге ұласқаны есімізде. Енді мандат та жоқ, камералы көзілдіріктің де қажеті жоқ.
Әрине, шашты сыпырып тастау саяси мансаптың аяқталғанын білдірмес. Дегенмен сайлау қарсаңында партиялық тізімге енуге тырысқан саясаткерлер қоғам алдына барынша ресми әрі жинақы кейіппен шығып жатқанда, экс-депутаттың еркін образы басқа меңзесе керек.
Дәулет Мұқаев саясаттан уақытша демалыс алып, қарапайым өмірге оралған болуы да мүмкін. Немесе жаңа имидж арқылы бұрынғы депутаттық образынан арылғысы келген шығар. Бір анығы Мәжілістегі мандатпен бірге журналистерге есеп беретін міндеті де артта қалды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







