Қазақстанның валюта нарығында ұлттық валютаның нығаю қарқыны жалғасып, доллар бағамы 445 теңге шамасына дейін түсті. Алайда қаржы саласының мамандары теңгені қолдап отырған факторлар сарқылған сәтте бағам күрт кері бағыт алып, жағдай тіпті терең құлдыраумен аяқталуы мүмкін деп санайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz Forbes-ке сілтеп.
Қазіргі валюта динамикасы ел ішіндегі түрлі секторларға екі түрлі әсер етуде. Қарапайым халық пен импорттаушылар үшін арзан шетелдік валюта тиімді, тауарлар қолжетімді болып, тұтыну бағасының өсімі баяулайды.
Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев валюта арнасы арқылы инфляциялық қысымның төмендеуі реттеуші органның көңілінен шығып жатқанына тоқталды. Пайымдауынша, шетелден өнім таситындар валюта жұмсап, кірісті теңгемен көретіндіктен, қолайлы кезеңді бастан өткеріп жатыр.
«Қазіргі нығаю импорттаушылар үшін қолайлы, олар осы бағам есебінен жақсы табыс тауып отыр. Ұлттық валютаның күшейгені халық үшін де жақсы, өйткені импорт арзандайды, инфляция бәсеңдейді, бұған Ұлттық банк өте қуанышты», – деді сарапшы.
Дегенмен, қазіргі үрдіс отандық өндірушілер мен экспорттаушыларға ауыр тиюде. Әсіресе аграрлық секторда қиындықтар басталған. Шетелге өнім сататын шаруалар валюталық түсімді теңгеге шаққанда шығындарын жаба алмай қалу қаупіне тап болды.
Экономист Айдархан Құсайынов ішкі нарықтағы өндірушілер арзан импорттың қысымына шыдас бере алмауы мүмкін екенін ескертуде. Оның айтуынша, қазірдің өзінде көрші елдерден келетін арзан астық қазақстандық шаруаларға қиындық туғызып отыр.
«Қатерлер бар. Ішкі өндіруші үшін теңгенің тым нығаюы кері әсер етеді. Мәселен, қазір арзан ресейлік бидайдың кесірінен астық өсірушілердің мәселесі туындап жатыр. Теңге тым күшті болса, импорт арзандайды да, отандық тауар өндірушілерге бәсекеге түсу қиындайды», – деп баса айтты экономист.
Құсайыновтың пікірінше, қысқа мерзімді кезеңде бағамның артықшылығы сауда, құрылыс пен көлік салаларының есебінен жалпы ішкі өнімнің статистикалық өсімін көрсетуге көмектесуі мүмкін, бірақ ұзақ мерзімді экономикалық даму тұрғысынан тиімсіз.
Қазына кірісі мен экспорттаушыларға төнген қатер
Сарапшылардың назарын аудартқан тағы бір мәселе – мемлекеттік қазынаның жағдайы. Қазақстан бюджетінің негізгі бөлігі экспорттаушы компаниялар төлейтін салықтан құралады. Олар түскен долларды теңгеге ауыстырғанда ұлттық валюта неғұрлым әлсіз болса, бюджетке түсетін сома соғұрлым мол болады. Қазіргі жағдайда бюджетке түсетін кіріс азаюы мүмкін.
Мұнай бағасының жоғары деңгейде болуы мәселені ішінара жеңілдеткенімен, жалпы тәуекел сақталып отыр. Арман Бейсембаев қазына тапшылығын жабу тетіктеріне қатысты сұрақтың басы ашық екенін атап өтті.
«Жалпы экспорттық сектор бағамның күшеюінен айтарлықтай зардап шегеді. Мұнай саласындағылар жылды қалай жабатыны үлкен сұрақ тудырады. Ал бюджетіміз нақ осы экспорттаушы салалар есебінен толығатындықтан, қазына тапшылығы қалай жабылатыны түсініксіз», – деп түсіндірді сарапшы.
«Ыстық ақша» және 2015 жылғы құлдырау қаупі
Экономистер үшін ең үлкен қатер нарықтан капиталдың кенеттен кетуі. Қазақстандағы базалық мөлшерлеменің жоғары болуы шетелдік инвесторлар үшін теңгелік активтерді тартымды етті. Олар әрі жоғары пайыздық кіріс алып, әрі бағамның өсімінен пайда табуда. Бірақ базалық мөлшерлеме төмендеп, инфляция саябырсығанда, алыпсатарлық капитал нарықтан тез арада шыға бастайды.
Арман Бейсембаев капиталдың кенет кетуі валюта бағамын күрт құлатуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сарапшы оқиғалардың бұлай дамуын 2015 жылғы девальвациямен салыстырды.
«Оқиға күрт құлдырау сипатында өрбуі мүмкін. Белгілі бір сәтте 2015 жылғы сценарий бойынша күйреу орын алуы ықтимал. Яғни, бәрі тоқтаусыз құлдырайтын көшкін тәрізді әлсіреу жүреді», – деп мәлімдеді Арман Бейсембаев.
Дегенмен маман билік бұл процесті реттеусіз қалдырмайды деп үміттенеді. Ұлттық банктің валюталық интервенциялары, Ұлттық қордан жасалатын трансферттер, алтынмен жасалатын операциялар және квазимемлекеттік сектордың валюталық түсімін міндетті сату талабын қайтару құлдырауды белгілі бір дәрежеде бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Доллар 400 теңгеге дейін арзандай ма?
Сарапшылар бағамның кері айналуына дейін ұлттық валютаның нығаю кезеңі біраз уақыт жалғасуы мүмкін екенін де айтады. Жыл басында болжанған бағам қазіргі нақты жағдаймен сәйкес келмеді.
Арман Бейсембаев ұзақ мерзімді жағдайда сенімсіз көрінгенімен, доллардың 400 теңге шамасына дейін түсу ықтималдығын жоққа шығармайды.
«Доллардың 400 теңгеге жеткенін көруіміз әбден мүмкін. Әрине, мен бұған аса қатты сенбеймін. Бірақ жыл басында бағам тіпті 500-ге дейін нығаяды дегенге де сенбеген едім. Қазіргі қарқынды көре отырып, 400 деңгейіне жету мүмкіндігін де жоққа шығара алмаймын», – деді қаржы сарапшысы.
Өз кезегінде Айдархан Құсайынов нақты бағам деңгейін дөп басып болжаудан бас тартты, өйткені нарықта жағдайлық факторлар өте көп. Экономист үшін негізгі мәселе басқада: мемлекет өзінің ішкі өндірушілерін тығырыққа тірейтін, бірақ сауда мен құрылысты ғана алға сүйрейтін бұл экономикалық модельге қанша уақыт сүйеніп отырмақ?
Сондай-ақ қос сарапшы да АҚШ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемесіндегі шамалы өзгерістер теңге бағамына тікелей әсер етпейді деген пікірде. Қазақстанның валюта нарығында қазіргі уақытта жаһандық саясаттан гөрі ішкі монетарлық жағдайлар шешуші рөл атқарып тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







