Парламент Мәжілісінде республикалық бюджет жобасы таныстырылып, депутаттар мемлекеттік қарыз жүктемесі, қазына кірісі және әлеуметтік сала қаржысының тиімділігіне қатысты бірқатар өткір сұрақты көтерді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов құжат параметрлерін, түсіндірме жазбалар мен Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысын талдай келе, мемлекет бөлген қаражатқа қандай нақты нәтиже болатынын анықтау маңызды екенін мәлімдеді. Ресми болжам бойынша, 2027 жылға қарай жеке кірістер көлемі 19,9 триллион теңгеге жетуі тиіс. Дегенмен биыл жоспарланған 19,24 триллион теңгенің орнына нақты түсім 17,13 триллион теңге шамасында ғана күтіліп отыр. Депутаттың айтуынша, қағаз жүзіндегі өсімнің көп бөлігі осы жылы қазынаға түспей қалған қаржының орнын жабумен бірдей.
Сонымен бірге табыс көзі тікелей экономиканың базалық салаларына байланысты болғандықтан, Энергетика министрлігінің жұмысына қатысты бірнеше мәселе қозғалды. Атап айтқанда, салық салынатын мұнай экспорты көлемінің қысқаруы мен есептік мөлшерлеменің өзгеруі салдарынан экспорттық баж түсімдері кеміп, шығын 300 миллиард теңгеге жуықтауы мүмкін.
Жоғары аудиторлық палатаның есебі бойынша, 2027 жылы қарызды өтеу және оған қызмет көрсету шығындары Ұлттық қордан берілетін трансферттерді қоспағандағы бюджет кірісінің 40 пайызынан асып түседі.
Квазимемлекеттік сектордың есептілігі де назардан тыс қалмады. Асхат Аймағамбетов ұлттық компаниялардың мемлекеттен қанша қаражат алып, қазынаға қанша қайтарып жатқанын ашық көрсетуді талап етті. «Самұрық-Қазына» қорының дивидендтері топ ішінде қайда бағытталып отырғаны және «Бәйтерек» холдингі қаржыландыратын жобалардың қайтарымы қашан болатыны әлі де нақтылауды қажет етеді.
Денсаулық сақтау саласында кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлеміне (ТМККК) бөлінетін қаржы екінші жыл қатарынан қысқарып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға ауыстырылып келеді. Депутат бұл өзгерістер ауруханалардың қарызын арттырмауы және науқастардың қалтасына салмақ салмауы керектігін айтты. Сондай-ақ блоктық бюджет индикаторларының шынайы болуы керектігін, мысалы, мектептердегі үздік оқушылар санын көрсеткіш ретінде алу білім сапасын емес, тек қағаз жүзіндегі есепті жақсартуға итермелейтінін жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







