Пенсильваниядағы сайлауалды митинг уақытында белгісіз біреу АҚШ-тың 45-президенті, қазір президент сайлауына тағы да түсіп отырған Дональд Трампқа оқ атты, – деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
БАҚ мәліметінше, Трамп жеңіл жарақат алған. Оқиға орнынан түсірілген видеода Трамптың бетіндегі қан көрінеді. Оны қауіпсіз жерге әкеткен. Қауіпсіздік қызметі мергенді оқиға орнында атып өлтірген.
Оқиға Питтсбургтен шамамен 50 шақырым жердегі Батлердегі митингіде Трамп жақтастарының алдында сөйлеп тұрған кезде болған. 45-президент екінші мерзімге сайлануға күш салып жатыр. Оқ атылғаннан кейін Трамп әуелі мінбердің астына жасырынған, ізінше оны АҚШ құпия қызметінің өкілдері қоршап, көлікке алып кеткен.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трампқа жасалған қастандықты айыптады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа жасалған қастандықты қатаң айыптайтынын мәлімдеді және оның тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді», — делінген хабарламада.