Шығыс Қазақстан облысында сайлауалды үгіт-насихат науқаны жалғасып жатыр. Саяси партиялар қала-аудандардағы еңбек ұжымдарымен, ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен және тұрғындармен кездесіп, бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстырды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«Әділет» партиясының өкілдері «Astana Vision» көз микрохирургиясы орталығының қызметкерлерімен кездесті. Басқосуда медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейту мәселелері талқыланды.
Партия өкілдері дәрігерлердің мәртебесін көтеру және еңбек жағдайын жақсарту жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Медицина қызметкерлері саладағы өзекті мәселелерге қатысты сауал қойып, пікірлерін ортаға салды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері де өңір тұрғындарымен ашық форматта кездесу өткізді. Іс-шараға партия депутаттары Асхат Рахимжанов, Ажар Сағындыққызы, партия төрағасының кеңесшісі Максим Андрюшин және облыстық филиал төрағасы Виктор Калгин қатысты.
Кездесуде әлеуметтік әділеттілік, өңірлерді дамыту және мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мәселелері сөз болды. Тұрғындар әлеуметтік саладағы түйткілдер жөнінде пікір білдіріп, партия өкілдерінен өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.
«Байтақ» жасылдар партиясы теміржол саласының мамандарымен жүздесті. Тараптар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, өндірістің қоршаған ортаға ықпалын және экологиялық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Теміржол қызметкерлері еңбек жағдайы мен саладағы проблемаларға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Партия белсенділері қоғамдық орындарда да ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп, тұрғындарға сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды.
Қазақстан Халық партиясының өкілдері облыстың бірнеше аумағында азаматтармен жеке пікір алмасты. Кездесулер барысында партияның әлеуметтік бастамалары таныстырылып, ақпараттық материалдар таратылды.
Тұрғындар әлеуметтік қолдау, баға тұрақтылығы және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігіне қатысты сұрақтар қойды. Партия өкілдері айтылған ұсыныстардың назарға алынатынын жеткізді.
«Ауыл» партиясының өкілдері егістік алқаптарында еңбек етіп жүрген ауыл шаруашылығы мамандарымен кездесті. Аграрлық өндірісті дамыту, ауыл еңбеккерлерін қолдау және шаруашылықтардың күнделікті мәселелері талқыланды.
ШҚО-дағы электоралдық қозғалыс
Партия өкілдері сайлауалды бағдарламаның ауыл шаруашылығына арналған бағыттарын таныстырып, еңбеккерлердің пікірін тыңдады. Кейін Өскемен қаласындағы «Меркурий» сауда үйінде «Күтпеген әуен» музыкалық акциясы ұйымдастырылды. Келушілерге концерттік бағдарлама ұсынылып, ақпараттық материалдар таратылды.
«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері халық көп жиналатын орындарда үгіт-насихат жұмыстарын өткізді. Азаматтарға партия бағдарламасының экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты басымдықтары түсіндірілді.
Партия мүшелері тұрғындармен тікелей сөйлесіп, шағын және орта бизнес, жұмыс орындары мен әлеуметтік мәселелер жөніндегі пікірлерді тыңдады. Кездесуге қатысушыларға ақпараттық буклеттер таратылып, қойылған сауалдарға жауап берілді.
Өңірдегі сайлауалды науқан еңбек ұжымдарындағы кездесулер, қоғамдық орындардағы түсіндіру жұмыстары және мәдени акциялар түрінде өтіп жатыр. Партиялар бағдарламаларын таныстырумен қатар, тұрғындардың жергілікті күн тәртібіне қатысты ұсыныстарын жинауға назар аударуда.
Ашық форматтағы кездесулер азаматтарға саяси ұйымдардың ұстанымдарын салыстырып, өзекті мәселені тікелей көтеруге мүмкіндік береді. Үгіт-насихат шаралары сайлау заңнамасында белгіленген тәртіп пен тең бәсекелестік қағидаттары аясында жалғасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







