Алматыда тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту бағдарламасының егжей-тегжейі белгілі болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл Алматыда көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін ауқымды түрде жаңарту жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – ғимараттардың сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, олардың тарихи сипатын сақтап қалу.
«Алматыгенплан» компаниясының бас директоры, сәулетші Асхат Садуовтың айтуынша, жоба қаланың сәулеттік келбетін айқындай түсуге бағытталған. Сонымен бірге үйлердің пайдалану сапасын арттыру да назардан тыс қалмайды. Атап айтқанда, жылу мен дыбыс оқшаулауын күшейту, ылғалдан қорғау секілді міндеттер де ескерілген.
Оның сөзінше, бағдарламаға ең алдымен 1950 жылдардың соңы мен кейінгі кезеңде салынған, қасбеті жаңартуды қажет ететін үйлер енгізіледі. Әсіресе қаланың сәулеттік бейнесін қалыптастыратын негізгі көшелер бойындағы нысандарға басымдық беріледі. Жобалық шешімдер дайындалғанда тарихи орта мен қолданыстағы архитектуралық ансамбльдің ерекшелігі міндетті түрде ескеріледі.
Әкімдік өкілдері барлық жұмыс білікті мердігер мекемелер арқылы атқарылатынын атап өтті. Процеске сәулет және қала құрылысы бақылауына жауапты басқармалар да тікелей қатысады.

Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшиннің айтуынша, әр нысанда жұмыс басталмас бұрын тұрғындармен міндетті түрде кездесу өткізіледі. Сол жиында жөндеу кестесі түсіндіріледі, ұйымдастыру мәселелері талқыланады, тұрғындардың ұсыныс-пікірі жиналады. Қорытынды жобалық шешімдер меншік иелерінің пікірі ескерілгеннен кейін ғана қабылданады.
Қазақстанның тас өңдеу саласы одағы басқармасының төрағасы Дәурен Ағзымов қаптау кезінде қолданылатын материал сапасына ерекше мән берілетінін айтты. Оның сөзінше, мұндай материалдар берік, ұзақ мерзімге төзімді, климаттық өзгеріске шыдамды, экологиялық талапқа сай және құрылыс нормаларына толық сәйкес болуы керек.
Дәурен Ағзымовтың айтуынша, қасбетті қаптауға микрокеуекті құрылымы бар тас қолданылады. Мұндай материал қабырғаға «тыныс алуға» мүмкіндік береді. Соның арқасында ылғал жиналмайды, көгерудің алдын алуға болады. Сонымен бірге ол жақсы жылу және дыбыс оқшаулағыш қызметін атқарады. Жұмыстың соңғы кезеңінде қасбет арнайы гидрофобты өңдеуден өтеді. Мұндай тәсіл жаңбыр мен қардан қорғап, қасбеттің қызмет ету мерзімін ұзартады.
Оның айтуынша, 2025 жылдың басында Панфилов көшесі, 126, Жамбыл көшесі, 48 және Назарбаев даңғылы, 149 мекенжайындағы үш үйдің қаптау жұмысы толық аяқталған. Қазір олар біртұтас әрі жинақы сәулеттік ансамбль қалыптастырып тұр. Сарапшының пікірінше, атқарылған жұмыс таңдалған технологияның тиімділігін көрсеткен. Ең бастысы – жөндеу жұмыстары тұрғындардың емес, қала қаржысы есебінен жүргізілген.
Қасбеті жаңарған үйлердің тұрғындары да нәтижеге оң баға беріп отыр. Алматы тұрғыны Тұрар Рахымберлиннің айтуынша, қала көзге анық өзгеріп келеді. Қасбеттер жинақы көріне бастаған, көшелердің ажары ашылған. Әсіресе орталық көшелерде бірізді архитектуралық келбет айқын сезіледі.
Алматыда маусымдық аллергия биыл әдеттегіден ертерек басталып, ұзаққа созылуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







