Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 100 мыңнан астам адам жұмылдырылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған жоба бүгінде өңірлерде кең қолдау тапқан халықтық қозғалысқа айналып келеді. ШҚО бұл іске алғашқы күннен белсенді кірісіп, елді мекендерді тазарту, көгалдандыру және табиғи аумақтарды қалпына келтіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов телекөпір барысында Президентке өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Соңғы екі жылда Шығыс Қазақстан елді мекендерінде шамамен 250 мыңға жуық ағаш отырғызылған.

Орман қорында 40 миллионға жуық көшет бар. Аумақтарды тазарту аясында 30 мың тонна қоқыс шығарылып, 7 мың гектардан астам жер ретке келтірілді.
«Мөлдір бұлақ» акциясы бойынша 200-ден астам бұлақ пен өзен тазартылған. Биыл өңірде тағы 18 миллионға жуық көшет отырғызу жоспарланып отыр.
Телекөпір кезінде Мемлекет басшысы жануарларға қатыгездік танытқандарға қатысты қатаң шара қолдану қажет екенін айтты. Бұл мәселе тек үй жануарларына ғана емес, қаңғыбас жануарларға да қатысты. Президенттің бұл сөзі қоғамда жауапкершілік мәдениетін күшейтудің маңызды бөлігі ретінде қабылданды.
Бүгін облыс бойынша өткен сенбіліктерге 100 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде 25 мың адам – ірі кәсіпорындардың қызметкерлері. Мәселен, Үлбі металлургиялық зауыты аумағында 300-ге жуық қызметкер 100-ге жуық жас шырша мен шетен ағашын отырғызды.
Экологиялық акцияларға қала және аудан тұрғындары, аула қауымдастықтары, еңбек ұжымдары белсенді қатысып жатыр. Олар өздері тұратын және еңбек ететін аумақтарды тазалап, ағаш отырғызып, ортақ кеңістіктің көркеюіне үлес қосуда.

Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, «Таза Қазақстан» Шығыс Қазақстанда жай ғана науқан емес, туған жерге жанашырлықпен қараудың тұрақты дағдысына айналып келеді. Өңір басшысы халықтың белсенділігіне қарап, бұл бастама алдағы уақытта да қарқын ала түсетініне сенім білдірді.
Сондай-ақ облыс әкімі Өскеменнің бірқатар ауданын, соның ішінде саяжай алқаптары мен жеке тұрғын үй секторларын аралап шықты. Ол тұрғындармен кездесіп, олардың сұрақтарын тыңдады. Өңір басшысы әр адамның өз ауласын, көшесін және ортақ аумақты таза ұстауы өңірдің жалпы экологиялық мәдениетін қалыптастыратынын атап өтті.
Зайсан курорттық аймағына алғашқы сынақ рейстері биыл басталуы мүмкін. Бұл туралы Сенаттағы брифингте ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







