Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметшісі болған Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Ол 2023 жылдың желтоқсанында әскери борышын өтеп жүрген кезде ауыр бас-ми жарақатын алған. Содан кейін ұзақ уақыт комада жатып, бірнеше рет ем қабылдады. Отбасы мен жақындары оның өмірі үшін соңына дейін күресті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қайғылы хабарды анасы Гүлсім Камиева жеткізді. Ербаянның жағдайы бұған дейін де қоғам назарында болған. Қазақстандықтар оның емі мен оңалтуына қаражат жинап, отбасыға қолдау білдірді. Ербаян Түркияда емделіп, кейін елге оралған еді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, дәрігерлер оның өмірі үшін ұзақ уақыт күресті. Алайда алған жарақаты өте ауыр болған. Министрлік өлімге ауыр бас-ми жарақатының салдары, инфекциялық асқынулар және полиоргандық жеткіліксіздік себеп болғанын хабарлады.
Ербаян Мұхтардың ісі қоғамда әскердегі қауіпсіздік, сарбаздардың құқығы және қызмет кезінде жарақат алған жастардың тағдыры туралы ауыр сұрақтарды қайта көтерді. Ресми нұсқада оның дәретханада құлап, басын соққаны айтылған. Бірақ туыстары бұл түсініктемеге күмән келтіріп келген.
Осы уақытқа дейін Ербаянның отбасы әділдік іздеп, істің толық әрі ашық тергелуін талап етті. Құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері де бұл оқиғаны назардан шығармады. Себебі әңгіме бір ғана отбасының қайғысы емес, әскери жүйедегі жауапкершілік туралы болып отыр.
ІІМ бұған дейін Ербаянның жарақат алу мән-жайына қатысты тергеу жалғасып жатқанын хабарлаған. Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына байланысты өзге мәлімет жария етілмеген.
Ербаян Мұхтардың өлімі қазақстандық қоғам үшін ауыр хабар болды. Оның тағдыры әскерге баласын жіберген әр ата-ананың алаңын күшейтті. Ендігі маңызды мәселе, осы оқиғаның ақиқаты толық анықталып, кінәлілер болса, заң алдында жауап беруі тиіс.
Ербаянның анасы мен жақындарына, отбасына қайғыра көңіл айтамыз. Жас сарбаздың тағдыры ұмыт қалмауы керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







