Вице-президент Ерлан Қарин Ақордада кеңес өткізіп, ішкі саясаттағы негізгі міндеттерді пысықтады. Жиында Президент бастамаларының орындалуы мен мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысы қаралды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кеңеске Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері мен әлеуметтік-мәдени және ақпарат саласына жауапты орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Қоғамдық бірлікті нығайту, Конституциядағы құндылықтар мен қағидаттарды насихаттау мәселелері талқыланды.
Қатысушылар «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету, «Таза Қазақстан» жобасын жүзеге асыру және «Адал азамат» құндылықтарын орнықтыру жөніндегі нақты шараларды қарастырды.
Қарин мемлекеттік органдардың жұмысы Президент жарлығымен бекітілген ішкі саясат жөніндегі тұжырымдамалық құжатқа сүйенуі керек екенін атап өтті. Онда қоғаммен ашық әрі тұрақты диалог орнату, этносаралық және дінаралық келісімді нығайту, жастар, ақпарат және мәдени-гуманитарлық саясатты тиімді жүргізу міндеттері белгіленген.
Жиын соңында вице-президент жауапты органдарға тапсырма беріп, Президенттің ішкі саясаттағы бастамаларына арналған кеңестер тұрақты өтетінін айтты.
Еске салайық, Ерлан Қарин 31 тамызда Президент жарлығымен Қазақстанның вице-президенті болып тағайындалды. Жаңа қызметке кіріскен Қаринді қабылдаған Қасым-Жомарт Тоқаев оған Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге меморгандармен жұмыс барысында Президент атынан өкілдік етіп, мемлекеттік саясаттың негізгі мәселелері жөніндегі ұстанымын жеткізуді тапсырған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







