Астана қаласында ҚР Президентінің орталығында «Astana Eurasian Book Fair – 2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Орталық Азиядағы ең ірі мәдени шараға мемлекеттік органдар мен қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар және шетелдік елшіліктердің өкілдері қатысуда. Биылғы шараны Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және «Qazaq Creative» қорының қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырған.
Көрмеге Қазақстаннан бөлек, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла және Ұлыбритания елдерінен 80-нен астам баспа мен кітап шығаратын ұйымдар қатысуда.
Көрме аясында бес күн бойы жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, авторлармен кездесулер, автограф-сессиялар, балаларға арналған шеберлік сағаттары өтеді.

Шара барысында Түркияның «Түрік асханасы», Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдар Бекарысы», Маржан Ершудің «Жалғыз қол», Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке», Ұларбек Дәлейдің «Бату хан» тарихи романы, Хавьер Мороның «Үміт сапары», Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды», Димаш Құдайберген туралы «Шексіз музыка» кітабы және басқа да жаңа басылымдардың таныстырылымы жоспарланған.
Сонымен қатар, 23 сәуірде Ұлттық кітап күніне орай республикалық «Ұлттық кітап» байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаз баспаларды марапаттау рәсімі өтеді. «Astana Eurasian Book Fair – 2026» халықаралық кітап көрмесі 22-26 сәуір аралығында жалғасады.
Таяуда Астанадағы №73 мектеп-лицейінде жоғары сынып оқушыларына арналған маңызды кездесу өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







