Нью-Йорктегі қаржы ауданына сапар NYSE алаңынан басталып, Freedom Capital Markets кеңсесіндегі кездесумен жалғасты. Қазақстандық журналистерге америкалық қор нарығының жұмыс тәртібі, инвестор сенімі, депозит мәдениеті және Freedom экожүйесінің капитал нарығындағы рөлі туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Freedom Capital Markets кеңсесінде өткен кездесуде компанияның бас нарық стратегi Джей Вудс пен зерттеу бағытының жетекшісі Эдвард Магуайер пікір білдірді. Екеуі де АҚШ қаржы нарығында ұзақ жыл жұмыс істеген мамандар.
Джей Вудс ширек ғасыр бойы Нью-Йорк қор биржасында еңбек еткен, ірі IPO процестеріне қатысқан, NYSE алаңындағы ең белсенді акциялар бойынша сауда жүргізген.
Эдвард Магуайер шамамен 30 жыл бойы қор нарығы, банк секторы, технологиялық компаниялар және қаржы институттарын талдап келеді. Сараптамалары CNBC, Bloomberg, CNN және The Wall Street Journal секілді ірі алаңдарда жарияланған.
Кездесуде Freedom Capital Markets-тің АҚШ нарығындағы орны бөлек аталды. Компания Freedom Holding Corp. құрамындағы құрылым ретінде америкалық капитал нарығында жұмыс істейді.

Қазақстаннан шыққан қаржы тобы үшін Уолл-стриттегі кеңсе тек символдық мәнге ие емес. Freedom өкілдерінің айтуынша, мұндағы басты міндет қазақстандық және өңірлік инвесторға халықаралық нарыққа шығатын кәсіби көпір қалыптастыру.
Экрандағы бағаның ар жағында не тұр
Джей Вудс қор нарығын түсіну үшін алдымен биржаның ішкі тәртібін білу қажет деп отыр. Оның сөзінше, Уолл-стритте баға тек жаңалыққа ғана емес, инвестор сеніміне, компания сапасына және нарықтағы өтімділікке тәуелді.
«Биржаға сырттай қараған адам экрандағы есеп-қисапты, санды ғана көреді. Алайда әр бағаның артында компанияның табысы, инвестордың күдігі, нарықтағы сұраныс және үлкен капитал қозғалысы тұр. Нарықта күн сайын шу көп. Кәсіби инвестор сол шудың ішінен нақты сигналды ажырата білуі керек», — деген мазмұнда пікір білдірді Джей Вудс.
Ол Freedom Capital Markets клиенттермен жұмыс істегенде қысқа мерзімді эмоцияға емес, ұзақ мерзімді стратегияға мән беретінін айтты. Нарықта акция бағасы бір күнде өсуі де, құлдырауы да мүмкін. Бірақ инвестор компанияның бизнес-моделін, кірісін, қарыз жүктемесін, басқару сапасын және саладағы орнын қатар қарауы тиіс.
«Баға күн сайын өзгереді. Ал сапалы компания ұзақ мерзімде көрінеді. Инвестор үшін ең маңыздысы не сатып алып отырғанын түсіну. Акция деген жай ғана тикер емес, нақты бизнеске қатысу», — деді ол.
Инвестиция тикерден емес, түсініктен басталады
Freedom Capital Markets зерттеу бағытының жетекшісі Эдвард Магуайер қаржы нарығына келетін адам алдымен тәуекелді өлшеуі керек екенін айтты.
Оның пікірінше, инвестиция мәдениеті бірден қалыптаспайды. Әуелі адам депозит, облигация, акция, ETF секілді құралдардың айырмасын түсінуі қажет.

«Инвестиция акция сатып алудан басталмайды. Ол ақпаратты түсінуден басталады. Адам қандай құралға ақша салып отырғанын, табыс қайдан келетінін және қандай тәуекел барын білуі керек. Жылдам пайда іздеу көп жағдайда дұрыс шешімге апармайды», — деді Эдвард Магуайер.
18 пайыздық депозит пен 1 пайыздық доллар
Кездесу барысында Қазақстан нарығына қатысты сұрақтар да қойылды. Әсіресе депозит тақырыбы кеңірек қозғалды. Қазақстанда халықтың басым бөлігі үшін депозит әлі де ең түсінікті қаржы құралы болып отыр. Себебі салымшы банкке ақша салады, алдын ала мөлшерлемені көреді, күн сайын нарықтағы құбылысқа алаңдамайды.
Спикерлер теңгедегі депозит пен доллардағы салым табыстылығы арасындағы айырмаға да тоқталды. Қазақстанда теңгедегі депозит бойынша жылдық мөлшерлеме шамамен 15–18 пайыз деңгейінде болуы мүмкін. Ал доллардағы депозит кірісі көбіне 1 пайыз шамасында ғана. Осы айырма салымшы таңдауының неге теңгеге көбірек ауатынын көрсетеді.
Freedom өкілдерінің айтуынша, мұнда тек жоғары пайызға қарау жеткіліксіз. Валюта бағамы, инфляция, адамның табыс валютасы, шығын құрылымы және қаржы мақсаты бірге есептелуі керек. Егер адам ақшасын қысқа мерзімге сақтағысы келсе, депозит түсінікті құрал болуы мүмкін. Ал ұзақ мерзімге капитал жинауды көздесе, қор нарығындағы құралдарды да қарастыруы қажет.
Депозит тыныштық, акция мүмкіндік
Джей Вудс депозит пен қор нарығының айырмасын тәуекел арқылы түсіндірді. Оның сөзінше, депозит алдын ала белгілі табыс береді, бірақ өсім шектеулі. Ал акция нарығында кепілдендірілген кіріс жоқ, есесіне дұрыс таңдалған компаниялар ұзақ мерзімде капитал өсімін бере алады.

«Депозит? Депозит тұрақтылық. Акция тәуекел мен мүмкіндік. Екеуін бір-біріне қарсы қою міндетті емес. Инвестор өз мақсатына қарай әр құралдың орнын білуі керек», деді ол.
Технологиядан бұрын сенім керек
Эдвард Магуайер Қазақстанда қаржы сауатының маңызы артып келе жатқанын айтты. Оның ойынша, инвестор көбейген сайын нарыққа түсіндіру жұмысы да күшеюі керек. Өнім ұсыну жеткіліксіз, адамға сол өнімнің қалай жұмыс істейтінін ұғындыру маңызды.
«Инвестор нарыққа сеніммен кіруі үшін ақпарат ашық болуы керек. Компания не істейді, табысы қандай, тәуекелі неде, реттеу қалай жүреді осының бәрі түсінікті тілмен айтылуы қажет. Нарықтың дамуы тек технологияға емес, сенімге де байланысты», — деді Maguire.
Freedom Capital Markets өкілдері АҚШ нарығында есептілік пен ашықтықтың орны ерекше екенін атап өтті. Биржаға шыққан компания тұрақты есеп береді, инвесторлармен байланыс орнатады, реттеуші талаптарын орындайды. Нарықта ұзақ мерзімді капитал қалыптасуы үшін осы тәртіп маңызды.
Freedom экожүйесі: банк, брокер, сақтандыру, төлем
Кездесуде Freedom Holding экожүйесінің Қазақстандағы тәжірибесі де аталды. Компания банк, брокерлік қызмет, сақтандыру, төлем және цифрлық сервистер арқылы клиентке бір жүйе ішінде қызмет көрсету моделін дамытып келеді.
Спикерлердің айтуынша, мұндай модель инвесторды бір ғана өнімге байламай, қаржы құралдарының толық тізбегін пайдалануға мүмкіндік береді.
Freedom өкілдері үшін АҚШ-тағы кеңсе халықаралық нарықпен байланыс орнататын алаң ретінде сипатталды. Нью-Йорк әлемдік капитал орталығы. Мұнда жұмыс істеу компанияға институционалды инвесторлармен, биржалық инфрақұрылыммен, зерттеу орталарымен және нарық мамандарымен тікелей байланыс жасауға жол ашады.
Нарықтағы ең қиын сәт сабыр сақтау
Джей Вудстың атап өткеніндей, АҚШ нарығында эмоция мен тәртіп қатар жүреді. Инвестордың ең көп жіберетін қателігі нарық қымбаттағанда кеш кіріп, баға төмендегенде қорқып шығу.
«Нарықта құлдырау да, өсім де болады. Кәсіби көзқарас әр қозғалысты апат деп қабылдамаудан басталады. Инвестор өз жоспарын түсінсе, қысқа мерзімді құбылысқа басқаша қарайды», деді ол.
Эдвард Магуайер өз тарапынан инвестор мінезіне тоқталды. Оның айтуынша, қаржы нарығында білімсіз тәуекелге бару қауіпті. Бірақ тәуекелден толық қашу да капитал өсімін шектейді. Сондықтан инвестор алдымен өзінің мақсатын анықтауы қажет: ақшаны сақтау ма, көбейту ме, әлде ұзақ мерзімді портфель құру ма.
«Әр құралдың өз орны бар. Депозит, облигация, акция, қорлар бәрі бір портфель ішінде әртүрлі міндет атқаруы мүмкін. Маңыздысы адам соның логикасын түсінсін», деді ол.
Уолл-стриттен Қазақстанға тартылған көпір
Нью-Йорктегі Freedom Capital Markets кездесуі Қазақстаннан барған журналистер үшін Уолл-стриттің сыртқы көрінісінен бөлек, нарықтың кәсіби тілімен танысу мүмкіндігі болды.

Спикерлер депозит, акция, тәуекел, ашықтық, қаржы сауаты және ұзақ мерзімді стратегия туралы нақты мысалдармен сөйледі.
Freedom өкілдері айтқан негізгі ойдың бірі қазақстандық инвестор үшін халықаралық нарыққа жол бір күнде ашылмайды. Ол үшін сенім, түсіндіру, технология, реттеу және кәсіби сүйемелдеу қатар жүруі керек. Компания АҚШ-тағы қатысуын осы байланысты күшейтетін бағыттардың бірі ретінде көрсетіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







