Қазақстанда халыққа берілетін несие бойынша орташа мөлшерлеме 20,9%-ға көтерілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақпанда көрсеткіш 19,8% болған. Тұтынушылық қарыз бойынша мөлшерлеме бір айда 20,4%-дан 22,1%-ға өсті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша халықтың банк алдындағы несие портфелі 25,1 трлн теңгеге жетті.
- Тұтынушылық қарыз көлемі 16,9 трлн теңге болды.
- Ипотекалық қарыз 7,1 трлн теңгеге жетті.
Наурызда банктер 3,2 трлн теңгеге жаңа несие берген. Былтырғы наурызбен салыстырғанда өсім 10,2%-ды құрады.
Кешіккен кредиттердің көлемі қанша
2026 жылғы 1 сәуірде банк секторындағы 90 күннен аса кешіктірілген қарыз көлемі 1,7 трлн теңге болды.
Оның жалпы несие портфеліндегі үлесі 3,9%.
- Халық алған несиелер ішінде 90 күннен асқан «просрочкі» 1,2 трлн теңгеге жетті. Үлесі 4,7%.
- Бизнес несиелері бойынша NPL90+ көлемі 545 млрд теңге болды. Үлесі 3%.
Қарыз алушыға қойылатын талап күшейеді
Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушылық несиелеу талаптарын қатаңдатуға дайындалып жатыр.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов шілдеге қарай екі көрсеткіш әзірленетінін айтқан. Біріншісі қарыз жүктемесінің коэффициенті. Екіншісі қарыздың табысқа арақатынасы.
«Екеуі де кез келген қарыз алушының өз борышына қызмет көрсету қабілетіне қатысты. Табысы жоқ адамға банк несие беретіндей жағдай жасай алмаймыз», — деді Сүлейменов.
Қарыз жүктемесінің коэффициенті адамның ай сайынғы табысының қанша бөлігі несие төлеміне кетіп жатқанын көрсетеді. Қарыздың табысқа арақатынасы адамның жалпы борышын жылдық табысымен салыстыруға мүмкіндік береді.
Табыс бұрынғыдан қатты тексеріледі
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова 2026 жылы қарыз алушының жиынтық борышына нақты шекті мәндер белгіленетінін айтты. Оның сөзінше, лимит жалпы қарыз көлемі бойынша ғана емес, өнім түріне қарай да есептеледі. Ипотека, автонесие, кепілсіз тұтынушылық несие бөлек қаралады.
Әбілқасымова табысты растауға қатысты талап та күшейетінін жеткізді.
«Қарыз алушының табысын бағалау кезінде әртүрлі дереккөз қолданылатынын көріп отырмыз. Оның бәрі бірдей ресми немесе сенімді дерек бола бермейді», — деді ол.
Агенттік қаржы ұйымдарының скоринг модельдеріне және ресми расталған табыс ретінде қабылданатын дерекке қойылатын талапты күшейтпек. Осы норманы енгізу 2027 жылғы 1 қаңтарға қалдырылуы мүмкін.
Несие алу кезінде не қиындайды
Банк жаңа несие бойынша ай сайынғы төлемді ғана қарамайды. Қарыз алушының барлық борышы есепке алынады. Ипотека, автонесие, кепілсіз қарыз және басқа міндеттеме бөлек бағаланады. Табыс ресми әрі расталатын болуы керек.
Картаға түскен аударымдар, депозиттегі ақша, бір реттік түсімдер және қайталанатын күмәнді табыс көздері толыққанды төлем қабілеті ретінде қабылданбауы мүмкін. Адамның жалпы қарызы жылдық табысына шаққанда тым жоғары болса, жалақысы қалыпты көрінген күннің өзінде жаңа несие мақұлданбауы ықтимал.
Нарықтағы шектеулер әсер бере бастады
Әбілқасымова кейбір қатаң шаралар қазірдің өзінде нәтиже бере бастағанын айтты. Бұған дейін тұтынушылық несие нарығы жылына шамамен 30% өсіп келген. Қазір өсім 6–7% деңгейіне дейін баяулаған.
Кепілсіз тұтынушылық қарыздың жаңа берілуі бойынша өсім бұдан да төмен. Кей тұста көрсеткіш нөлге жақындаған немесе минусқа кеткен.
2025 жылы тұтынушылық несиені 5 жылдан ұзақ мерзімге беруге тыйым салынды. Әбілқасымованың айтуынша, бұрын кейбір қаржы ұйымдары қарыз мерзімін қолдан ұзарту арқылы шектеулерді айналып өткен.
3 жылдан 5 жылға дейінгі кепілсіз қарыздарға капитал талабы да күшейді. Мұндай несиелер бойынша көрсеткіш 350%-ға дейін жеткізілді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әр банк үшін дефолт-рейт көрсеткішін міндетті етті. Әбілқасымованың айтуынша, дефолт-рейт жоғары болса, банк қарыз алушының қаржылық жағдайын сапалы бағаламаған және оның нақты мүмкіндігін ескермей несие берген деген сөз.
Ол банктер осы шектеуге байланысты тұтынушылық несие беруді едәуір қысқартқанын айтты.
Ұлттық банк 2026 жылғы 1 сәуірден бастап банктер жеке тұлғалар портфелі бойынша тәуекел ескерілген активтердің 2%-ы көлемінде қосымша капитал буферін ұстап тұруға тиіс екенін хабарлаған. Қазіргі есеп бойынша оның көлемі 463,5 млрд теңгеге бағаланады.
ГЭСВ төмендетілді
Ұлттық банк тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі төмендетілгенін хабарлады.
- Бұрынғы шек 56% болған.
- Жаңа деңгей 46%.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап банктер табысына сараланған салық салу тәртібі де енгізілді. Бөлшек несиелеуден және өзге табыс түрлерінен түсетін кіріс бойынша корпоративтік табыс салығы 25% болады. Бизнеске берілген несие бойынша мөлшерлеме 20%.
Ertenmedia.kz бұған дейін Қазақстандағы ең тиімді депозиттер мен банктер ұсынып отырған мөлшерлемелер туралы жазған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







