Қазақстан экономикасы сатып алу қабілеті паритеті бойынша 2026 жылы 973,4 млрд долларға жетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мұндай бағалауды Халықаралық валюта қоры келтірген. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде 36-орынға шығып, Швейцария, Норвегия, Катар және Жаңа Зеландия сияқты елдерді артта қалдырды.
20 млнға жуық халқы бар ел үшін сатып алу қабілеті паритеті бойынша 1 трлн долларға жуық көрсеткіш жоғары деңгей саналады. Бұл Қазақстан экономикасының өңірлік ауқымда салмағы артып келе жатқанын көрсетеді.
Әлемде Қытай, Үндістан, Индонезия сияқты ірі дамушы экономикалар күшейіп жатқан тұста Қазақстан да экономикалық көлемін ұлғайтып отыр. Дегенмен сарапшылар қазіргі өсімнің негізгі бөлігі шикізат секторы, ішкі тұтыну және мемлекеттік шығындар есебінен қалыптасып отырғанын айтады.
Басты мәселе осы жерде. Қазақстан көрсеткіш жағынан жоғарылағанымен, экономика құрылымы әлі де шикізатқа тәуелді. Рейтингте қатар тұрған кей мемлекеттермен салыстырғанда, елдің өнеркәсіп, технология экспорты және терең өңдеу саласындағы үлесі төмендеу.
Сондықтан алдағы кезеңде негізгі сұрақ жалпы ішкі өнімнің қаншалықты өскенінде ғана емес, оның қандай салалар арқылы өсетінінде болмақ. Егер өсім тек мұнай, металл, тұтыну және бюджет шығынына сүйенсе, экономиканың тұрақтылығы шектеулі болады.
Қазақстан үшін ендігі маңызды бағыт – өнімділікті арттыру, өңдеу өнеркәсібін кеңейту, технологиялық өндіріс қалыптастыру және шикізаттан түсетін табысты жаңа салаларға бұру.
1 трлн долларға жақындаған экономика – жақсы белгі. Бірақ оны ұзақмерзімді табысқа айналдыру үшін елге сандық өсіммен қатар сапалы экономикалық өзгеріс қажет.
Қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаңа жылдан бастап салық төлеу айтарлықтай жеңілдеді. Бұдан былай бизнес өкілдері салық қарызын кепілсіз-ақ кейінге қалдырып немесе бөліп төлей алатынын білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







