Қазақстанда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша құны 839 миллиард теңге болатын 347 жоба жүзеге асырылып жатыр, алайда бірқатар өңірде жұмыс қарқыны әлі де баяу, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкіметте өткен жобалық кеңсенің отырысында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев биылғы жұмыстардың барысын, қаржыландыру мәселелерін және мердігерлерді анықтау сапасын талқыға салды. Бүгінгі таңда ел бойынша алғашқы 14 нысанда құрылыс толық аяқталған. Бұл жобаларға 27,3 миллиард теңге инвестиция бағытталып, конкурстық рәсімдер нәтижесінде шамамен 975 миллион теңге үнемделді. Аяқталған нысандар Павлодар (7 жоба), Батыс Қазақстан (2 жоба), Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Астана және Шымкент қалаларында орналасқан. Қазір оларды пайдалануға беру құжаттары рәсімделіп жатыр.
Баяу қимылдаған өңірлер мен тоқтап тұрған жобалар
Ұлттық жоба аясындағы 347 жобаның 220-сы бойынша мердігер ұйымдар анықталған. Сондай-ақ жалпы сомасы 126 миллиард теңге болатын 77 нысанда құрылыс пен құрал-жабдықтар сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Тағы 29 жоба бойынша конкурстар өтуде.
Дегенмен 30 кәсіпорынға тиесілі 67 жоба бойынша құрылыс әлі басталмаған. Жұмыс қарқыны төмен аймақтар қатарында Шымкент қаласы, Абай, Ұлытау, Алматы, Атырау және Түркістан облыстары аталды. Бозумбаев өңірлерге сылтау іздемей, тәжірибе алмасуды және әрбір мәселені тікелей нысан басына шығып шешуді міндеттеді.
Тендердегі былықтар мен қылмыстық жауапкершілік ескертуі
Мониторинг қорытындысы бойынша кейбір нысандарда конкурс рәсімдері өрескел заңбұзушылықпен өткені белгілі болды. EPC-мердігерлерді анықтау кезінде талаптар сақталмаған.
«Шілде айынан бері уәкілетті органға 300-ге жуық өтініш түсіп, оның 112-сі қанағаттандырылды. Бұл конкурстық құжаттаманың сапасыз әзірленгенін және тапсырыс берушілердің біліксіздігін көрсетеді. Заңсыз әрекеттер анықталса, құқық қорғау органдарын тарта отырып, бұл мәселемен жеке өзім айналысамын. Мұны тапсырыс берушілеріңізге жеткізіңіздер», — деді Қанат Бозымбаев.
Ұлттық экономика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, 1 қазанға дейін заң бұзған табиғи монополия басшыларын әкімшілік жауапкершілікке тарту тетіктерін әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ енді жобалық кеңсе қатысушылары апта сайын тікелей есеп береді.
Есептеуіштер, жасанды интеллект және қазақстандық өнім
Жиында инфрақұрылымға заманауи есептеуіштер орнату міндеті де көтерілді. Бұл президент тапсырған жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізудің негізгі шарты ретінде айқындалды. Бастапқы нақты дерексіз және салалық жүйелерді интеграцияламай цифрландыру мүмкін емес.
Сонымен қатар бөлінген қаржының ел ішінде қалуына ерекше назар аударылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 15 қазанға дейін сатып алу және офтейк-келісімшарттарға отандық тауар өндірушілерді толық тартатын өзгерістер енгізуі тиіс.
«Қарқынды күшейту керек. Биыл біз барлық жоспарланған көлемді толық игеруіміз шарт. Сонымен қатар барлық жұмыс сапалы болуға тиіс. Босқа жайбарақат отыратын уақыт жоқ», — деп түйіндеді Қанат Бозымбаев.
Алдағы 2027 жылға жоспарланған 300 миллиард теңгенің 245 жобасы бойынша байқаулар қазірден басталған. Үкімет бұл рәсімдерді келесі құрылыс маусымына ысыруға жол бермейтінін мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







