АҚШ билігі грин-карта, яғни тұрақты тұруға рұқсат алуға өтініш беру тәртібін қатаңдатты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Енді шетелдік азаматтар грин-картаға өтінішті АҚШ аумағында жүріп емес, елден тыс жерде ғана тапсыра алады. Мұндай өзгеріс туралы АҚШ Азаматтық және көші-қон қызметі ресми мәлімдеді.
Жаңа талапқа сәйкес, қазіргі уақытта АҚШ-та уақытша жүрген шетел азаматтары тұрақты тұруға рұқсат рәсімдеу үшін өз еліне оралуы керек. Яғни туристік, студенттік немесе уақытша жұмыс визасымен барған адамдар АҚШ аумағында жүріп грин-карта процесін бастай алмайды.
USCIS өкілдері бұл шешім заңсыз көші-қонды азайтуға бағытталғанын айтып отыр. Ведомствоның баспасөз хатшысы Зак Калердің сөзінше, шетел азаматтары өтінішті өз елінен берсе, АҚШ-та заңсыз қалып қою жағдайлары азаюы мүмкін. Бұл өз кезегінде көші-қон қызметінің заңсыз жүрген азаматтарды іздеп, депортациялау жүктемесін төмендетеді.
АҚШ билігі қысқа мерзімді сапармен келген адамдар грин-карта алу процесін сол елдің ішінде бастау мүмкіндігі ретінде қарастырмауы керек екенін ескертті. Жаңа тәртіп осы бағыттағы ережені нақтылап, көші-қон рәсімін барынша бақылауға алуды көздейді.
USCIS-тің бұрынғы қызметкері Дуг Рэнд NBC News телеарнасына берген сұхбатында жыл сайын грин-карта алуға шамамен бір миллион адам өтініш тапсыратынын айтқан. Оның сөзінше, өтініш берушілердің жартысына жуығы құжатты АҚШ аумағында жүріп рәсімдеген.
Енді жаңа шектеулер осы санаттағы азаматтардың жоспарына тікелей әсер етуі мүмкін. АҚШ-та уақытша жүргендер тұрақты тұру мәртебесін алғысы келсе, құжат тапсыру үшін елден шығуға мәжбүр болады.
Бұл өзгеріс АҚШ көші-қон саясатының қатаңдай түскенін көрсетеді. Вашингтон енді грин-карта рәсімін ел ішіндегі уақытша мәртебеден тұрақты тұруға өтудің оңай жолы ретінде пайдалануға шектеу қойып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






