Атырауда жағаұстатар жағдай болды. Жас жігіт әке-шешесін өлтіріп, кейін өзі асылып қалған, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz «Астана» телеарнасына сілтеп.
25 жастағы жігіт бұл қадамға неге барғанын полиция тергеп жатыр. Қазір әлеуметтік желіде қылмысқа қатысты түрлі әңгіме желдей есіп жүр. Ондағы мәліметке сенсек, жігіт ата-анасына бірнеше рет пышақпен соққы жасаған. Телеарна мәліметінше, тіпті ақ параққа «кешіріңдер мені»,- деген жазба қалдырыпты. Жігітті бірі ғаламтордағы ойынның тапсырмасын орындаған десе, бірі лудоман болған деп сан-саққа жүгіртуде. Полиция жігіттің бұрын соңды істі болмаған және есірткімен тіркеуде тұрмағанын айтты.
«Атырау облысы полиция департаментінде адам өлтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Алдын-ала ақпарат бойынша 25 жастағы ер адам өзінің 63 және 58 жастағы ата-анасын өлтіріп, кейін өз-өзіне қол салған. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайларын жан-жақты анықтау мақсатында жедел-тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды», — деді облыстық ПД баспасөз қызметі өкілі.