Оралда Отан қорғаушы күні қарсаңында Қазақстандағы ең ірі кеме суға түсірілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Салтанатты рәсімге Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Оның айтуынша, жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің қорғаныс қабілетін күшейту жөніндегі тапсырмасы және ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырысы аясында жүзеге асқан.
Жаңа кемеге мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Облыс әкімі «Зенит» зауыты ұжымының кәсіби шеберлігі мен еңбегін атап өтіп, экипажға сәттілік тіледі.
«Орал «Зенит» зауыты» АҚ жасап шығарған су көлігі кәсіпорын тарихындағы 37-інші кеме саналады.
Оның салмағы 720 тоннаға жетеді. Ұзындығы 51 метр, ені 9,5 метр. Жүк тасымалдауға арналған трюм көлемі 30 текше метр. Зауыт бас директоры Виталий Каплуновтың айтуынша, кеме жылдамдығы 16 түйінге дейін жетіп, 8 балдық дауылға төтеп бере алады.
Көпфункционалды кеме Қазақстанның әскери теңіз күштері құрамындағы кемелер мен катерлерді дизель отынымен, ауызсумен, азық-түлікпен және басқа да материалдық-техникалық ресурсымен қамтамасыз етуге арналған. Жеке құрам шамамен 30 адамнан тұрады. Экипаж үшін қажетті тұрмыстық және қызметтік жағдай қарастырылған.
Кеме Каспийге жеткенге дейін көпір астынан өтуі керек. Сол себепті оның діңгегі Ақтау айлағында орнатылады.
Жаңа су көлігінің іске қосылуы Қазақстанның Каспий бағытындағы қорғаныс инфрақұрылымын күшейтуге арналған маңызды қадам саналады. Оралдағы «Зенит» зауыты осылайша елдің әскери-өнеркәсіп әлеуетін нақты өндіріс арқылы көрсетіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!








