«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов Құрылтай сайлауы тыныш, ашық әрі ұйымдасқан түрде өтті деп бағалады. Ол партияның көрсеткішін халық сенімі мен үлкен жауапкершілік ретінде қабылдайтынын айтып, сайлауға қатысқан азаматтарға алғыс білдірді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қайрат Айтуғановтың айтуынша, Президенттің дәйекті саяси бағыты мен ауқымды реформалары ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Оның пікірінше, саяси жаңғыру азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуын күшейтіп, қоғаммен ашық диалог орнатудың маңызын арттырған.
Сайлау күні «Ауыл» партиясы дауыс беру барысын тұрақты бақылап, өңірлік штабтармен үздіксіз байланыста болған. Партия төрағасының бағалауынша, дауыс беру заң талаптарына сәйкес және қалыпты жағдайда өтті.
Қайрат Айтуғанов сайлау нәтижесін партия үшін тек көрсеткіш ретінде емес, алдағы жұмысқа берілген аманат деп қабылдайтынын атап өтті. Ол «Ауылға» қолдау білдірген азаматтардың сенімі партияға қосымша міндет жүктейтінін айтты.
«Сіздердің әрбір дауыстарыңыз – бізге бұдан да көп әрі жауапкершілікпен жұмыс істеуге берілген аманат. Сайлау аяқталады. Жұмыс жалғасады», – деді партия төрағасы.
Ол сайлауға қатысып, өз таңдауын жасаған барлық қазақстандыққа алғыс білдірді. Сонымен бірге партияны қолдаған сайлаушыларға ерекше ризашылығын жеткізді.
Қайрат Айтуғановтың айтуынша, сайлауалды кезеңде көтерілген мәселелер мен азаматтардың ұсыныстары партияның алдағы жұмысында ескерілмек. Оның пікірінше, саяси науқанның аяқталуы халықпен байланыс пен нақты мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстың тоқтағанын білдірмейді.
«Ауыл» партиясы ресми қорытындыны күтетінін мәлімдеді. Құрылтай сайлауының түпкілікті нәтижесін Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы жариялайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







