Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқынов Құрылтай депутаттарының сайлауынан кейін қазақстандықтарға үндеу жасап, партия бүгінгі дауыс беру қорытындысын объективті деп қабылдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, алғашқы Құрылтай сайлауы жаңа Конституция негізіндегі саяси жаңғырудың келесі кезеңін бастап берді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Нұрсұлтан Шоқынов бүгінгі сайлауды Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ерекше саяси оқиға деп бағалады. Оның пікірінше, жаңа Құрылтайдың жасақталуы Президент бастаған ұлттық жаңғыру үдерісінің маңызды бөлігі саналады.
Партия төрағасы ең алдымен сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасаған азаматтарға алғыс білдірді. Оның айтуынша, азаматтардың саяси белсенділігі мен ел болашағына бейжай қарамауы қоғамдағы саяси мәдениеттің деңгейін көрсетеді.
«Сайлауға келіп, өз таңдауын жасаған әр азаматқа алғыс айтамын. Азаматтық ұстаным мен елдің болашағына деген жауапкершілік – қоғамның саяси мәдениетінің маңызды көрсеткіші», – деді Нұрсұлтан Шоқынов.
Ол Қазақстан Халық партиясына дауыс берген сайлаушыларға да ерекше ризашылығын жеткізді. Алдын ала exit poll нәтижелеріне сәйкес, партияның көрсеткіші 3 пайыздан төмен емес деңгейде болғанын атап өтті.
Нұрсұлтан Шоқынов бұл санның түпкілікті нәтиже емес екенін еске салды. Ресми қорытындыны Орталық сайлау комиссиясы кейін жариялайды.
«Сіздердің сенімдеріңізді үлкен жауапкершілік және алдымызға қойылған нақты міндет ретінде қабылдаймыз. Халықтың үмітін ақтау үшін бар мүмкіндігімізді жұмсаймыз», – деді партия төрағасы.
Қоғам мен мемлекет ұтады
Шоқынов биылғы сайлауалды науқанның бұрынғы кезеңдерден ерекшеленгенін де атап өтті. Оның айтуынша, партиялар төрт республикалық телеарнаның тікелей эфирінде бетпе-бет пікірталасқа шығып, миллиондаған көрерменге өз бағдарламалары мен ұстанымдарын ашық таныстырды.
Партия төрағасының пікірінше, монтаждалмаған тікелей эфирдегі пікірталастар саяси бәсекенің мазмұнын арттырып, азаматтарға партиялардың нақты позициясын салыстыруға мүмкіндік берді.
Ол сайлау кезеңінде жүздеген халықаралық және мыңдаған қазақстандық байқаушы жұмыс істегенін де атап өтті. Нұрсұлтан Шоқынов мұны сайлау процесінің ашықтығын көрсететін факторлардың бірі деп бағалады.
Партия төрағасы Президент жүргізіп жатқан реформалардың Қазақстан Халық партиясының идеологиялық ұстанымдарымен үндесетінін айтты. Оның сөзінше, партия сол реформаларды іске асыруда конструктивті әрі сенімді серіктес болуға дайын.
«Құрылтай жұмысының басталуымен елдің жаңартылған саяси институттарын қалыптастырудың жаңа кезеңі басталады», – деді ол.
Шоқынов сайлаудың нәтижесінен тек жекелеген партиялар емес, тұтас қоғам мен мемлекет ұтады деген пікір білдірді. Оның айтуынша, саяси бәсекенің күшеюі, бағдарламалардың ашық талқылануы және партиялардың жауапкершілігі бүкіл саяси жүйенің сапасына әсер етеді.
Қазақстан Халық партиясының төрағасы сайлауға қатысқан барлық кандидат пен саяси ұйымға мазмұнды әрі бәсекелі науқан үшін алғыс айтты. Ол мұндай бәсекені саяси жүйенің жетілуінің белгісі деп бағалады.
Нұрсұлтан Шоқынов Қазақстан Халық партиясы бүгінгі дауыс беру нәтижесін мойындайтынын және басқа партиялармен конструктивті жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.
«Біздің ортақ мақсатымыз – әр қазақстандық отбасының әл-ауқаты, елдің сенімді дамуы мен тұрақтылығы. Осы жолда өзге партиялардағы әріптестермен бірге сындарлы жұмыс істеуге дайынбыз», – деді партия төрағасы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







