Қазақстанда өнеркәсіп пен өндірісті дамытуға және экономиканы әртараптандыруға бағытталған ірі жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Соңғы жылдары өңдеуші өнеркәсіп, энергетика, фармацевтика және жоғары технологиялық өндірістерге тартылған инвестиция көлемі артып, жаңа кәсіпорындардың құрылысы басталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы жаңғырту, өңдеуші секторды күшейту және сапалы инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмалары аясында еліміздің бірнеше өңірінде ауқымды жобалар қолға алынды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында Павлодар облысында жылына 60 мың тоннаға дейін майлы дақыл өңдейтін зауыт іске қосылды. Кәсіпорын 35 мың тоннаға дейін күнбағыс майын өндіруге қауқарлы. Ал Солтүстік Қазақстан облысында қытайлық инвесторлар құны 53 млрд теңге болатын жаңа май өңдеу зауытын салуда. Жоба 2028 жылы пайдалануға беріліп, 150 жаңа жұмыс орнын ашуы тиіс.
Түркістан облысында агродрон өндіретін жаңа кәсіпорын жұмысын бастады. Мұнда жылына 500-ге дейін ұшқышсыз аппарат шығарылады. Болашақта өрт сөндіруге және жүк тасымалдауға арналған дрондар өндіру жоспарланып отыр.
Фармацевика саласында да маңызды жобалар қолға алынған. Қарағанды облысында құны 42,5 млрд теңге болатын жаңа фармацевтикалық кешен салынбақ. Мұнда онкологиялық, аутоиммундық және сирек кездесетін ауруларға арналған дәрілік препараттар шығарылады.
Ал Алматы облысындағы Алатау арнайы экономикалық аймағында толық циклді биофармацевтикалық кешен салу жоспарланған. Құны 32,5 млрд теңге болатын жоба 2031 жылы іске қосылады.
Өнеркәсіп ренессансы
Жасыл энергетика бағытында Жетісу облысында қуаты 30 мегаватт болатын Покатилов су электр станциясының құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар Түркістан облысында құны 307 млн АҚШ долларын құрайтын күн электр станциясы салынып жатыр. Нысан іске қосылған соң жылына 674 млн киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді.
Металлургия саласындағы ең ірі жобалардың бірі Павлодар облысында жүзеге асырылмақ. Сингапурлық XINFA компаниясы инвестиция көлемі 15 млрд АҚШ долларын құрайтын алюминий кластерін құруды жоспарлап отыр. Жоба толық іске асқанда шамамен 10 мың жұмыс орны ашылады.
Қарағанды облысында қытайлық инвесторлар темір кенін өндіру жобасын бастайды. Ал Ақтөбеде құны 100 млн доллар болатын мыс өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. Кәсіпорын іске қосылған соң жылына 25 мың тоннаға дейін тазартылған мыс өндіреді.
Туризм мен көлік инфрақұрылымында да жаңа бастамалар қолға алынуда. Алматы маңындағы Almaty SuperSki тау шаңғысы курортын салуға Франция, Канада және АҚШ компаниялары қатысады. Жоба 2028 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Инвестиция дәлізі ашылды
Каспий теңізіндегі жүк тасымалын дамыту үшін Баку кеме жасау зауытында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің қатысуымен алғашқы контейнерлік кеме құрылысы басталды. 2027 жылдың соңына дейін екі жаңа кеме суға жіберіледі.
Сарапшылардың пікірінше, аталған жобалар мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға, өңдеуші өнеркәсіп үлесін арттыруға, экспорттық әлеуетті күшейтуге және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстан мұнай мен шикізатқа тәуелділікті азайтып, жоғары технологиялық өндірістерге, жасыл энергетикаға және ғылымды қажет ететін салаларға басымдық беріп отыр. Жаңа жобалар елдің ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған саясаттың нақты нәтижесі ретінде бағалануда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







