Вячеслав Ким Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Jusan Bank-ті сатып алу жөнінде өтініш жолдады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Кәсіпкер не дейді?
«Jusan Bank акцияларының 97,5 пайызын сатып алуға өтініш бердім. Қазір өтініш қарастырылуда. Реттеуші оны жан-жақты зерттегеннен кейін түпкілікті шешім қабылдайды. Бұл келісімнің Kaspi.kz компаниясына ешқандай қатысы жоқ», – делінген кәсіпкердің ресми мәлімдемесінде.
Айта кетейік, 2023 жылы Jusan Қазақстан юрисдикциясына қайтарылған болатын.
Вячеслав Ким туралы не белгілі?
Ол – Алматы қаласының тумасы, экономист, қаржыгер, қоғам қайраткері, сондай-ақ Kaspi.kz-тің тең құрылтайшысы, акционері және директорлар кеңесінің төрағасы.
2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Kaspi.kz акционерлеріне Қазақстандағы шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға қолдау көрсетуге шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін «Әшкере» арнасына сүйеніп, Kaspi банктің акционері, Қазақстанның ең қалталы азаматтың қатарындағы Вячеслав Ким Jusan банкін сатып алуға ниетті екенін жаздық.
Мәліметке сай бұған дейін ол Jusan Bank-тің қазіргі иесі, Ахметжан Есімовтің экс-күйеубаласы Ғалымжан Есеновке тиесілі бүкіл акциялар пакетін (99,74%) иеленбек екені айтылды.