Ресей үкіметі Қазақстанға және өзге де бірқатар көршілес мемлекеттерге қолма-қол рубль шығару тәртібін күрт қатаңдатып, жеке тұлғалар үшін шекті соманы 1 миллион рубльге дейін төмендетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ресей президенті Владимир Путин қол қойған жаңа жарлыққа сәйкес, жаңа тәртіп Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер – Қазақстан, Армения, Беларусь және Қырғызстанмен қатар, Әзербайжан, Тәжікстан мен Өзбекстанға да қатысты қолданылады. Құжат ресми жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енді.
Жеке тұлғалар мен бизнеске қойылған талап
Осыған дейін одақ аумағына шығатын азаматтарға 100 мың АҚШ доллары баламасындағы соманы қолма-қол рубль түрінде алып өтуге рұқсат беріліп келген еді. Енді шетелдік валюта бағамына байланысты есеп жойылып, жеке тұлғаларға арналған нақты шек 1 миллион рубль (шамамен 5,2 миллион теңге) болып бекітілді.
Ал компаниялар мен жеке кәсіпкерлер үшін талап әлдеқайда күшейтілді. Заңды тұлғаларға сомасының көлеміне қарамастан, көрші елдерге қолма-қол рубль шығаруға толықтай тыйым салынды.
Қандай жағдайда алып өтуге болады?
Жаңа ережеде белгілі бір ерекшеліктер де ескерілген. Атап айтқанда, 1 миллион рубльден асатын қаржыны тек әуе қатынасы арқылы, яғни Ресей үкіметі бекіткен халықаралық әуежайлар арқылы ғана тасымалдауға рұқсат етіледі. Ол үшін жолаушы ақшаның банктен заңды түрде шешіп алынғанын растайтын ресми анықтаманы немесе шот үзіндісін шекарашыларға көрсетуі қажет. Құрлықтағы өткізу бекеттерінде мұндай мүмкіндік қарастырылмаған.
Сонымен бірге бастапқы және соңғы нүктесі Ресейден тыс жерде орналасқан халықаралық жүк тасымалымен айналысатын кәсіпорындарға, сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктердің қызметін қамтамасыз етуге арналған қаржыға аталған тыйым жүрмейді.
Тәртіп бұзғандардың ақшасы тәркіленеді
Белгіленген талапты сақтамағандарға қатысты қатаң шаралар қарастырылған. Жеке тұлға шекарадан рұқсат етілген шектен артық қаржы алып өтпек болса, 1 миллион рубльден асқан бөлігі толығымен тәркіленеді. Ал шектеуді елемеген кәсіпкерлер мен ұйымдардың шекарада ұсталған барлық қолма-қол ақшасы мемлекет кірісіне алынады.
Мәскеу билігі осы шара арқылы елден капиталдың бақылаусыз сыртқа кетуін тежеп, қаржының шекара асуын қатаң бақылауға алуды көздеп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







