Президент Тоқаев Германияға ресми сапары барысында Украинадағы әскери қимылдарды уақытша тоқтатып, дипломатиялық келіссөздер процесіне көшу қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен келіссөздерден кейін өткен баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысы неміс журналистерінің сауалына жауап бере отырып, бұған дейін айтқан бастамасының мәнін тарқатып берді. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда қарулы қақтығысты бірден сап тыйып тастау оңай болмағанымен, майдандағы атысты доғара тұру – бейбітшілікке бастар жалғыз жол.
Атысты тоқтатып, дипломатияға оралу
Мемлекет басшысы жағдайдың тым күрделі екенін жақсы түсінетінін, алайда тараптарды келіссөз үстеліне отырғызу үшін әскери әрекеттерді белгілі бір уақытқа тоқтата тұру керектігін қадап айтты. Сонымен бірге Қазақстанның бұл мәселеде халықаралық құқық қағидаттарын берік ұстанатынын жеткізді.
«Әрине, Украинадағы жағдай бәрімізді алаңдатады. Мен әуел бастан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерін қатаң ұстанатынын айтқанмын. Біз барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығы қағидатын сақтауға және құрметтеуге үндеп келеміз. Украина халқына, оның тарихына, мәдениеті мен дәстүріне, тіліне зор құрметпен қарайтынымызды бұрыннан айтып жүрміз. Мен соғысты дереу тоқтату туралы айтпадым. Қазіргі жағдайда мұның оңай емес екенін түсінемін. Менің меңзегенім: Украина аумағындағы әскери іс-қимылды уақытша доғарып, дипломатиялық процеске көшу немесе қандай да бір келіссөз бастау еді», – деді Президент Тоқаев.
Көпвекторлы саясат пен ұлттық мүдде
Мемлекет басшысы Ресеймен арадағы қарым-қатынас пен геосаяси ахуалға да тоқталды. Ол екі ел арасындағы шекараның ұзындығы 7,5 мың шақырымнан асатынын және елімізде 2,7 миллион этникалық орыс тұратынын еске салды. Сол себепті сыртқы саясатта тарихи, көршілік әрі стратегиялық факторларды үнемі ескеру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ресей басшысы Владимир Путиннің мемлекет қайраткері ретіндегі рөліне де баға берді. Тоқаевтың пайымынша, Қазақстан үшін өңірдегі және жалпы әлемдегі тұрақтылық аса маңызды, сондықтан еліміз Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге мүмкіндігінше үлес қосуға әрдайым дайын.
Халықаралық бастамалардың мәні
Қазақстан басшысы бұған дейін де Омбы қаласында өткен кездесуде тараптарды ымыраға келуге үндеп, «Ыстамбұл 2.0» форматындағы келіссөздерді жандандыру мүмкіндігін көтерген еді. Астана соғыс басталған алғашқы күннен бастап мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін сақтау қағидатын жақтап келеді. Төгілген қанды тоқтатудың басты тетігі – өзара диалог пен дипломатиялық шешімдерге келу.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







