Жетісу облысындағы Алакөл жағалауында шағын көлемді кемелерді пайдалану тәртібін бұзған азаматтарға 109 әкімшілік жаза қолданылды. Қауіпсіздік талаптарын сақтамағандарға салынған айыппұл көлемі 1 миллион 654 мың теңгеден асты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жазғы маусым басталған 15 мамырдан бері Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жауапты органдармен бірге 90 күндізгі және 62 түнгі рейд өткізген. Тексеру кезінде шағын кемелердің құжаты, техникалық жағдайы және жолаушылар қауіпсіздігі назарға алынған. Заң бұзғандарға әкімшілік хаттама толтырылды.
Көп жағдайда кеменің борт нөмірі болмаған немесе белгіленген мөлшерден артық жолаушы тасымалданған. Құтқару жилетінің жоқтығы, кеме билетінсіз жүзу және навигациялық белгілерді елемеу деректері де анықталды. Жетісу облыстық ТЖД бастығы Қанат Алтынбеков қауіпсіздік талабын бұзғандарға қатаң шара қолданылатынын ескертті.
Жағалауда қоғамдық тәртіпті бақылаған полиция қызметкерлері 1755 әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді. Олардың қатарында ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу, қоғамдық орында алкоголь ішу және мас күйде жүру деректері бар. Абаттандыру мен жол қозғалысы ережесін сақтамаған азаматтар да жауапқа тартылды.
Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жағалауда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Жұмысқа 14 құтқарушы мен 11 моторлы қайық жұмылдырылды. Қоғамдық тәртіпті 50 полиция қызметкері, 16 қызметтік көлік және бес дрон бақылайды.

Алакөл жағалауына 40 құтқару мұнарасы орнатылып, 13 шақырымға қалқыма белгілері тартылған. Жергілікті полицияның жедел басқару жүйесіне қосылған 39 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Ереже бұзған су көліктерін қоюға арналған арнайы айып тұрағы да қарастырылған.
Өткен жылы Жетісу облысында Алакөлдегі шағын жүзу құралдарының қозғалысын реттейтін ортақ су пайдалану және қауіпсіздік қағидалары қабылданған. Құжатта қайық пен гидроциклді пайдалану тәртібі, демалушылардың міндеті және заң бұзғаны үшін жауапкершілік белгіленді. Кейінгі қайғылы оқиғалар судағы тәртіпті күшейтудің қаншалықты маңызды екенін тағы көрсетті.
Жауапты органдар рейд пен түсіндіру жұмысын шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғастырады. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықты азайтып, судағы төтенше жағдайлардың алдын алу. Алакөлге демалуға келген әр азамат белгіленген талапты сақтап, өз өмірі мен өзгенің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







