Алматы облысында жоғары сынып оқушыларына арналған шұғыл дәрігерге дейінгі көмек көрсету бойынша шеберлік сабағы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қонаев қаласында ұйымдастырылған іс-шара кәсіби бағдар беру жұмысын дамытуға және денсаулық сақтау саласының болашақ кадрлық әлеуетін қалыптастыруға бағытталған.
Шеберлік сабағына қатысқан оқушылар жарақат, күйік, суға бату және жүрек-қан тамырлары жүйесіне қатысты шұғыл жағдай кезінде алғашқы көмек көрсету тәсілдерін тәжірибе жүзінде меңгерді. Мамандар теориямен ғана шектелмей, төтенше жағдайда адам өмірін сақтап қалуға көмектесетін нақты әрекеттерді көрсетті.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов мұндай бастаманың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, осындай ашық форматтағы кездесулер жастардың мамандықты саналы түрде таңдауына ықпал етеді.

«Бүгінгі шеберлік сабағына қатысып отырған жоғары сынып оқушылары болашақта медицина саласының мамандары – дәрігерлер, мейіргерлер мен фельдшерлер қатарын толықтыруы мүмкін», деді басқарма басшысы.
Жоба пилоттық форматта жүзеге асырылып жатыр. Ол Ержан Сүлейменовтің жеке бастамасымен қолға алынған. Бұл денсаулық сақтау жүйесіне болашақ мамандарды ерте кезеңнен дайындауға бағытталған стратегиялық тәсілдің бір бөлігі ретінде қарастырылуда.
Іс-шара барысында алғашқы көмек көрсету дағдыларының қоғам үшін маңызына да назар аударылды. Себебі медицина қызметкерлері жеткенге дейін көрсетілген дұрыс көмек кей жағдайда адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Өңірде медициналық білім алуға қажетті мүмкіндік бар екені де айтылды. Талғар қаласында көпжылдық тарихы бар медициналық колледж жұмыс істейді. Сонымен қатар облыс әкімінің гранттары арқылы медициналық жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік қарастырылған. Кейін магистратура мен резидентурада оқуын жалғастыруға жол ашық.
Шеберлік сабағы дәрігерлермен ашық диалог форматында жалғасты. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан кеңес алды. Кейбір қатысушылар болашақ мамандығын да нақтылай бастаған. Бір оқушы эндокринология бағытын таңдауға ниет білдірсе, тағы бірі травматолог-ортопед болуға қызығушылық танытқан.
Мұндай бастамалар жастардың медициналық сауатын арттырып қана қоймай, қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға да әсер етеді. Ең бастысы – адам өмірін сақтаудың маңызын ерте түсінетін жаңа буын қалыптасып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







