Алматы облысындағы Қайыңды көліне апаратын аудандық маңызы бар жаңа автомобиль жолы тамыз айында пайдалануға беріледі. Құрылыс аяқталған соң табиғи нысанға қатынау жеңілдеп, туристер межелі жерге қауіпсіз әрі жылдам жете алады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір өрге қарай созылған ойлы-қырлы бағыт толық тегістеліп, негізгі дайындық жұмыстары аяқталды. Жолға асфальт төсеу қарқынды жүріп жатыр. Бүгінге дейін 2,5 шақырым жолға асфальт төселді.
Жоба аясында жол бойына жоспарланған 42 су өткізгіш құбырдың барлығы орнатылды. Бұл нысандар жауын-шашын мен еріген қар суын өткізіп, жол қабатының бұзылуына жол бермеуге тиіс. Құбыр орнату жұмысы жүз пайыз орындалған.
Жолдың жалпы ұзындығы 10 шақырымды құрайды. Құрылыс өткен жылдың қазан айында басталған. Жобаның жалпы құны 2,43 миллиард теңгеге бағаланып отыр.
Биыл құрылыс жұмыстарын жалғастыруға жергілікті бюджеттен 1 миллиард 374,9 миллион теңге бөлінді. Қаржы жол төсемін дайындауға, асфальт салуға және қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруға жұмсалады. Мердігерлер нысанды белгіленген мерзімде аяқтауды жоспарлап отыр.
Жаңа жол өңірдегі көлік инфрақұрылымын жақсартып, Қайыңды көліне баратын бағыттағы қозғалысты ретке келтіреді. Бұрын күрделі жер бедері мен жолдың нашарлығы туристерге бірқатар қиындық туғызатын. Енді көрікті мекенге жеңіл көлікпен жету әлдеқайда қолайлы болмақ.
Қайыңды көлі Алматы облысындағы ең танымал туристік нысанның бірі саналады. Жолдың жаңаруы мұнда келетін саяхатшылар санын көбейтіп, жергілікті туризм мен шағын бизнестің дамуына серпін береді. Табиғи көрікті сақтай отырып, қауіпсіз әрі сапалы қатынас қалыптастыру өңір үшін маңызды қадам болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







