Алматы облысының Іле ауданындағы сайлау учаскесінде Құрылтай депутаттарын сайлау кезінде жүрек тебірентерлік оқиға болды. Дауыс берген жас жігіт сүйіктісіне көпшіліктің алдында үйленуге ұсыныс жасап, жастар бір күнде ел болашағына қатысты таңдау мен жеке өміріндегі маңызды шешімді қатар қабылдады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қанат Мейіржан мен Ажар Жанарбек сайлау учаскесіне бірге келіп, алдымен дауыс берді. Рәсім аяқталғаннан кейін Қанат сүйіктісіне күтпеген жерден жүзік ұсынып, тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады.
Бұл сәт учаскеде жүрген тұрғындардың назарын бірден аударды. Ажар ұсынысты қабылдаған соң, жиналған жұрт жас жұпты қошеметпен құттықтады.
Қанат Мейіржанның айтуынша, ұсыныс жасау үшін Құрылтай сайлауы күнін таңдауы кездейсоқ емес.
«Бүгін әр азамат елдің болашағына қатысты өз таңдауын жасап жатыр. Осы күнді өмірімдегі ең жауапты сәтпен байланыстыруды жөн көрдім. Сондықтан сүйіктіме бүгін ұсыныс жасадым», – деді ол.
Ал Ажар Жанарбек мұндай тосынсыйды мүлде күтпегенін айтты.
«Біз сайлау учаскесіне бірге дауыс беруге келдік. Бірақ мұнда маған ұсыныс жасайды деп мүлде ойламадым. Енді бұл күн мәңгі есімде қалатыны сөзсіз», – деді ол.
Осылайша сайлау учаскесіндегі қарапайым дауыс беру сәті жас жұптың өміріндегі жаңа кезеңнің басталуымен ұласты. Олар алдымен азамат ретінде өз таңдауын жасап, кейін ортақ болашағына қатысты маңызды шешім қабылдады.
Бүгін Алматы облысында Құрылтай сайлауында 1 042 987 азаматтың дауыс беруге құқығы бар. Оның ішінде 14 104 жас биыл 18 жасқа толып, сайлауға алғаш рет қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Іле ауданындағы бұл оқиға сайлау күнінің ең жылы әрі есте қаларлық сәттерінің біріне айналды. Ел болашағына қатысты таңдау жасалған күні екі жастың да ортақ өмірге қадам басуы ерекше символдық мәнге ие болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







