Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылғы президент сайлауына қатысу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы қайта сайлануға заңды құқығы бар екенін растағанымен, нақты шешім туралы айтуға әлі ерте деп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент Конституциялық соттың жаңа Ата заң күшіне енгесін мемлекеттік лауазымдарға қайта сайлану немесе тағайындалу тәртібіне қатысты шешіміне сүйенді.
«Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Ол, әрине, заңды. Менің қайта сайлануға заңды түрде құқығым бар. Алайда алдағы сайлауға барам ба, бармаймын ба, ол қай жылы өтеді деген мәселені әзір талқылау ерте», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы дәл қазір саяси науқаннан бұрын ел алдында тұрған міндеттерге назар аудару қажет деп отыр. Соның ішінде ел аумағында әлеуметтік нысандар құрылысын кең көлемде жүргізу көзделуде.
«Бүкіл Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыру қажет. Ең алдымен азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салынуға тиіс», – деді Президент.
Ұлттық қордың ақшасы халыққа қызмет етуі керек
Тоқаев әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қор қаражатын пайдалануға дайын екенін жеткізді. Пікірінше, шетелдік бағалы қағазға салынған мемлекеттік активтер ел азаматтарының тұрмысын жақсартуға да қызмет етуге тиіс.
«Ақшаны шетелдегі бағалы қағаздарда не үшін ұстаймыз? Оны халықтың игілігіне пайдалануға болады. Сол қаражаттың үстінде шөп қорыған ит секілді отырмауымыз керек. Ақша халыққа қызмет етуі тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Президент Ұлттық қор қаражатын жұмсау кезінде әлемдегі күрделі ахуалды мұқият ескеру қажеттігін атап өтті. Геосаяси жағдай Қазақстаннан барынша сақ әрі байыпты саясатты талап етуде.
Тоқаев елдің қазіргі бағытын «құздың жиегімен жүруге» теңеді. Соған қарамастан, биліктің ішкі тұрақтылықты сақтап, экономиканың өсуіне жағдай жасай алғанын айтты.
«Әлемдегі ахуалдың күрделі екенін жақсы білесіздер. Біз, бейнелеп айтқанда, құздың жиегімен жүріп келеміз. Соған қарамастан ел ішінде бейбіт жағдайды қамтамасыз етіп, дамуға мүмкіндік алдық. Экономикалық өсім бар, ол объективті және халықаралық қаржы институттары тарапынан расталған», – деді Президент.
Нақты жауап келесі жылы айтылуы мүмкін
Тоқаев 2029 жылғы сайлауға қатысу-қатыспауына байланысты есікті толық жапқан жоқ. Сонымен қатар қайтадан кандидат болатынын да растамады. Президент журналистерге осы мәселеге келесі жылы қайта оралуды ұсынып отыр.
«Тағы бір рет кездеселік. Мүмкін, келесі жылы сіздерге нақтырақ жауап берермін», – деді ол.
Осылайша, Мемлекет басшысы қайта сайлануға конституциялық құқығы барын ашық растады. Ал сол құқықты пайдаланатыны немесе пайдаланбайтыны жөніндегі саяси шешім әзірге жарияланған жоқ. 2029 жылғы президент сайлауына қатысты интрига кемінде келесі жылға дейін сақталмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







