Украин дрондарының шабуылынан әбден мезі болған Wildberries Қазақстандағы қойма қорына көз тікті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Маркетплейс жалпы аумағы шамамен 100 мың шаршы метр болатын қосымша қойма іздеуге кіріскен дейді. Компания ресейлік коммерсанттардың тауарын Қазақстан аумағында сақтауды қарастырып отыр екен.
Әсілі, ресейлік массмаркет елімізге әлдеқашан кіріп қалған.
Wildberries Алматыда 100 мың шаршы метрден асатын логистикалық кешен салуда. Ал Астанада көлемі 160 мың шаршы метр болатын тарату орталығы бой көтеруде. Осылайша Кремль Еуразиялық одақ аясындағы ортақ кедендік кеңістікті пайдаланып, елімізге ентелей енуде.
Ауқымды қоймалардың салынуы іс жүзінде кері эффект береді деп қауіптенеміз.
Астана мен Алматыда бой көтеретін жүз мыңдаған шаршы метрлік қоймалар еңбек нарығының құрылымын түбегейлі өзгертеді. Бұларға ма, бұларға жүздеген, мыңдаған адамның күші керек. Айналып келгенде, еліміздегі адам капиталы жоғары қосымша құн жасайтын секторға емес, сұрыптаушы, қаптаушы, курьер сияқты төмен біліктілік талап ететін қызметтерге ағылады.
Ақыр түбі, экономикамыз Ресейдің сауда платформаларының қара жұмысын атқарып күн кешетін күйге түседі.
Wildberries-тың қоймаларынан түсетін де маржа қомақты бола қоймас. Ресейлік арзан масс маркет энергетикалық қуатымызды, суымызды сарқып, экологияға зиян келтіріп, Тоқаевтың тұсында жөнделе бастаған тас жолдардың тоз-тозын шығарады.
Ең басты қауіп — Big Data. Қазақстанға мықтап қоныс тепкен Wildberries уақыт өте тұрғындардың тұтыну әдетін, қаржылық мүмкіндігін, мекенжайын, банк транзакциясын толық зерттеп, база жасақтайды. Осылайша миллиондаған қазақтың күнделікті талғамы мен таңдауы Мәскеудің уысына өтеді. Сөйтіп ұлттық нарығымыз өзінің цифрлық дербестігін басыбүтін жоғалтып тынуы мүмкін.
Еліміздегі қолжетімді қойма алаңдары небәрі 130 мың шаршы метрді құрайтынын ескерсек, осы алаңды Кремльдің отарлауы жергілікті логистикалық компаниялардың дамуын түбегейлі тежейді.
Бектенов үкіметі Қазақстанды ресейлік маркетплейстердің тылы мен транзит алаңы ретінде пайдалануға бой бермейді деген көмексі болсын үміт бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






