Қазақстандық ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Асылы Осман Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері №64 сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келіп, дауыс берді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
«Парасат» орденінің және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Осман сайлауға қатысуды азаматтық жауапкершілікпен байланыстырды. Оның айтуынша, ел өміріндегі маңызды саяси кезеңде әр азамат өз ұстанымын білдіріп, ортақ таңдау жасауға қатысуы қажет.
«Бүгінгі жиынның жөні бөлек. Бұл – үлкен той. Өйткені «Құрылтай» деп бірінші аталып келгеніне өзім ерекше баға беремін. Мұндай кезде үйде жатып қалмай, елімізді асқақтатуға өз үлесімізді қосуымыз керек деп есептеймін. Сондықтан ең алдымен дауыс беріп, өз үнімді қосуға келдім», – деді Асылы Осман.
Қоғам қайраткерінің пікірінше, Қазақстанда өмір сүретін әр азамат елдің саяси өміріне бейжай қарамай, өз таңдауын жасағаны дұрыс. Ол Құрылтай атауының тарихи мағынасына да ерекше тоқталды.
– Құрылтай сонау ата-бабаларымыздан келе жатқан, маңызды мәселелерді шешу үшін елдің белгілі тұлғаларының басын қосатын, мемлекеттің қандай дәрежеде болуы керектігіне қатысты мәселелерді талқылайтын басқосу. Сондықтан Құрылтай атауының қайта жаңғыруына ерекше ризамын. Өйткені ол – ата-бабамыздан келе жатқан үлкен дәстүр, – деді профессор.
Асылы Осман жаңа саяси институттың жұмысына сәттілік тілеп, қазақстандықтарды сайлауға белсенді қатысуға шақырды. Оның ойынша, азаматтың дауысы ел болашағына деген жауапкершілігінің нақты көрінісі саналады.
Ғалым елдегі бірлік пен тұрақтылық маңызды саяси кезеңдерде айқын байқалатынын атап өтті. Ол жастардың қоғамдық өмірге араласуы мен мемлекет болашағына қатысты шешімдерге жауапкершілікпен қарауын да маңызды деп санайды.
«Мен әр сайлау сайын елімді, халқымды, жерімді сүйгендіктен, халқымды сыйлағандықтан бірінші болып келіп, өз үнімді қосуға тырысамын. Мұндай оқиға күнде бола бермейді. Осындай маңызды кезеңдерде біздің бірлігіміз де, достығымыз да, отансүйгіштігіміз бен өзара түсіністігіміз де арта түседі», – деді Асылы Осман.
Осылайша №64 сайлау учаскесіндегі дауыс беру Асылы Осман үшін азаматтық таңдау ғана емес, тарихи сабақтастық пен ел алдындағы жауапкершілікті білдіретін маңызды оқиғаға айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







