Теңгенің нығаюы долларды 500 теңгеден жоғары бағамен сатып алған инвесторларға тиімсіз болғанымен, ел экономикасына нақты пайда әкеле бастады. Ұлттық валютаның қымбаттауы импорттың құнын төмендетіп, сырттан келетін инфляциялық қысымды әлсіретеді. «Комментарий» Telegram-арнасының авторы теңге бағамындағы өзгерісті осылай бағалады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Теңге тамыз айының қорытындысында 2,6 пайызға нығайып, бір доллардың бағасы 461,57 теңгеге түсті. 2 қыркүйекте Қазақстан қор биржасындағы орташа бағам 455,39 теңгеге дейін төмендеді.
Автор Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұйымдастырған дөңгелек үстел аяқталғаннан кейін қатысушылар арасында теңге бағамы сөз болғанын айтады. Долларды 500 теңгеден жоғары бағамен сатып алғандардың кейбірі америкалық валютаның арзандағанына наразылық білдірген.
«Жеке инвестициялық портфель тұрғысынан мұндай көңіл күйді түсінуге болады. Бірақ ұлттық валюта бағамының міндеті доллар иелеріне табыс әкелу емес. Қуатты теңгенің экономикаға беретін нақты пайдасы бар», – дейді автор.
Теңге нығайған кезде шетелден әкелінетін жабдық, қосалқы бөлшек, дәрі-дәрмек пен техника арзандайды. Кәсіпкерлердің валютамен есептелетін міндеттемесі жеңілдеп, импорт арқылы келетін инфляция бәсеңдейді. Шетелдік тауар, сапар мен оқу құны да халық үшін қолжетімді бола түседі.
Теңгеге сыртқы инвесторлардың қызығушылығы артты
Арна авторының пайымынша, ұлттық валютаның қазіргі бағамы бірнеше фактордың нәтижесі. Қатаң ақша-несие саясаты теңгелік қаржы құралдарының тартымдылығын арттырды. Инфляция баяулап, бюджет саясаты сақтыққа көшті. Валюта нарығы да бұрынғыдан тереңдей түскен.
ING сарапшылары теңгенің тұрақтылығын жоғары нақты пайыздық мөлшерлеме мен портфельдік капиталдың келуімен байланыстырады. Goldman Sachs қуатты теңгені инфляцияның баяулауына әсер ететін фактордың бірі деп бағалаған.
Bank of America төрт жылдық теңгелік облигациядан шамамен 9 пайыз табыс тапқан. Банк нарыққа доллар 489,3 теңге, облигация кірістілігі 15,9 пайыз болған кезде кірген. Ал доллар 467,3 теңгеге, кірістілік 14,9 пайызға түскенде позициясын жапқан.
Аталған мысал шетелдік инвестордың теңгелік активтен тек жоғары пайыз есебінен емес, ұлттық валютаның нығаюынан да пайда тапқанын көрсетеді.
Әлсіз теңге кімге тиімді
Ұлттық валютаны әлсіретуді жақтайтындар мұндай саясат экспорттаушыларды қолдайтынын алға тартады. Экспорттан доллармен табыс табатын компания бағам өскен кезде көбірек теңге алады. Бюджеттің шикізат секторынан түсетін валюталық кірісі де теңгемен есептегенде ұлғаяды.
Алайда Қазақстан өндірістік жабдықтың, технологияның, дәрі-дәрмектің және күнделікті тұтынатын тауардың едәуір бөлігін сырттан сатып алады. Теңгені экспорттаушылар үшін әдейі әлсірету экономиканы жаңғырту құнын өсіріп, сыртқы инфляцияны ел ішіне тасымалдайды.
«Әлсіз валюта геоэкономикалық бөлшектену дәуірінде өзгенің тәуекелін ішке әкелумен тең. АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес күшейіп, сауда соғысы жеткізу тізбегін қайта құрып жатқан кезде қуатты теңге Қазақстанның экономикалық тұрақтылығына қызмет етеді», – деп жазады арна авторы.
Шамадан тыс нығаюдың да қатері бар
Соған қарамастан, теңгенің үздіксіз қымбаттауы экономика үшін тек пайдалы құбылыс емес. Экспорттаушы компанияның теңгемен алатын кірісі азаяды. Бюджетке валюталық шикізат түсімінен келетін қаржы қысқарады. Жоғары табыс іздеп келген портфельдік капитал жағдай өзгерсе, елден тез шығып кетуі мүмкін.
Сондықтан теңгені барынша нығайту мемлекеттік саясаттың жеке мақсатына айналмауға тиіс. Негізгі міндет – нарықтағы тепе-теңдікті сақтап, бағамды жасанды әлсіретуге де, шамадан тыс қымбаттатуға да жол бермеу.
«Жуырда ғана Қазақстан теңгенің құлдырауын қалай тоқтатамыз деп талқылап еді. Енді инвесторлардың бір бөлігі ұлттық валютаның нығайғанына наразы. Қаржы блогы қатаң ақша-несие саясаты, бюджет шектеуі мен толассыз сыннан өткен күрделі кезеңнің нәтижесін бүгін көріп отыр», – дейді автор.
Оның пікірінше, жүргізілген саясаттың әсері теңге бағамынан бөлек, инфляцияның баяулауынан, импорт құны мен шетелдік инвесторлардың теңгелік активке деген көзқарасынан да байқалады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







