Қытай он жылдан астам уақыт бойы электромобиль индустриясының өсуіне дем берген салық жеңілдіктерін біртіндеп қысқарта бастады. Жаңа саясат аккумулятор өндірушілерінің шығынын арттырып, электромобиль бағасына қысым түсіруі мүмкін, – деп жазады Ertenmedia.kz.
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап литий және литий-ион аккумуляторларына 2 пайыздық тұтыну салығы енгізілді. 2027 жылғы 1 қыркүйекте оның мөлшерлемесі 4 пайызға дейін көтеріледі. Бұған дейін электромобиль өндірісінде қолданылатын батареялар жеңілдетілген салық режиміне кірген.
Өзгеріс Қытайдың жаңа энергия көздерімен жүретін көліктерге көрсетілетін мемлекеттік қолдауды азайту саясатының бір бөлігі саналады. 2026 жылдан бастап электромобиль сатып алуға салынатын салықтан толық босату тәртібі тоқтатылды. Енді сатып алушыға салық сомасының 50 пайызы көлемінде жеңілдік беріледі, алайда оның шекті мөлшері бір көлікке 15 мың юаньнан аспайды.
2027 жылғы 1 қаңтардан электромобиль, қуатталатын гибрид, жүріс қоры ұзартылған көлік және кейбір коммерциялық модельге қатысты тағы бірнеше жеңілдік жойылмақ. Мұндай қадам жетілген нарықты мемлекеттік субсидияға тәуелділіктен шығарып, өндірушілерді таза бәсекеге бейімдеуге бағытталған. Соның салдарынан өзіндік құны жоғары немесе сатылымы әлсіз компанияларға қысым күшейеді.
Қытай билігі технологиялық басымдығын жоғалтпау үшін жеңілдікті толық тоқтатып отырған жоқ. Натрий-ион және қатты күйдегі аккумуляторларға арналған салықтық қолдау кемінде 2028 жылдың соңына дейін сақталады. Осылайша мемлекет кең таралған литий батареяларын нарық талабына қалдырып, келесі буын технологиясын ынталандыруды жалғастырады.
Саясаттың өзгеруіне жол инфрақұрылымын қаржыландыру мәселесі де әсер етті. Электромобиль саны көбейген сайын жөндеу жұмыстарына жұмсалатын жанармай салығының түсімі төмендеп келеді, ал салмағы ауыр электр көліктері жол жамылғысын көбірек тоздырады. Сондықтан билік жүрілген қашықтыққа қарай жол ақысын есептеу тетігін де қарастырып отыр.
Жеңілдіктің қысқаруы алғашқы кезеңде өндіруші мен сатып алушының шығынын өсіруі ықтимал. Алайда жаңа тәртіп Қытай электромобиль нарығын субсидия есебінен жарысатын алаңнан технология, баға және сапа бәсекесіне негізделген жүйеге көшіреді. Ендігі сын миллиардтаған мемлекеттік қолдаумен күшейген индустрияның нарықтық жағдайда сол қарқынын сақтай алуына тіреледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







