ҰҚК экс-төрағасының бұрынғы орынбасары Ерғожин тағы екі бап бойынша күдікке ілінді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин 2023 жылғы сәуірде Қаңтар оқиғасына қатысты 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабы, яғни аса ірі мөлшерде пара алу және қылмыстық кірістерді заңдастыру туралы баптар бойынша тағы тергеу жүргізіліп жатыр.
Арнайы қызмет сотқа дейінгі тергеудің егжей-тегжейін жария етпеді. Дегенмен бұған дейін бірнеше БАҚ-та Ерғожин қазақстандықтардың құпия деректерінің «GitHub» қытайлық сервисіне таралуына байланысты іс бойынша күдікке ілінгені туралы ақпарат пайда болды.
2023 жылы 24 сәуірде Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарған болатын.
Сот істі «Аса құпия» деген белгімен қарады. Кәрім Мәсімов ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жыл бас бостандығынан айрылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет ете алмайтыны және мүлкі тәркіленетіні айтылды. Кәрім Мәсімов бұған қоса генерал шені мен мемлекеттік наградаларынан айырылды.
Ал оның орынбасары Дәулет Ерғожин Қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Кейін апелляциялық саты К.Мәсімовке, А. Садықұловқа және Д. Ерғожинге қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін қауіпсіздігі ең жоғары мекемеден қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтеу бойынша өзгертті.