Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы №949 сайлау учаскесінде Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Өңір басшысы дауыс бергеннен кейін журналистерге сайлау барысы мен облыстағы дайындық жөнінде айтып берді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Марат Сұлтанғазиев бүгінгі күнді ел үшін маңызды саяси кезең деп атады. Оның айтуынша, ол Алматы облысының тұрғыны және Қазақстан азаматы ретінде тіркелген сайлау учаскесіне келіп, азаматтық таңдауын жасаған.
– Бүгін еліміз үшін маңызды саяси күн. Мен де Алматы облысының тұрғыны әрі Қазақстан азаматы ретінде тіркелген сайлау учаскеме келіп, өз таңдауымды жасадым, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысының мәліметінше, Алматы облысында миллионнан астам азаматтың дауыс беруге құқығы бар. Бүгін облыс аумағында 683 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.
Марат Сұлтанғазиев сайлаушыларға қажетті жағдайдың барлығы жасалғанын атап өтті. Дауыс беру учаскелері таңғы сағат 07:00-ден бастап азаматтарды қабылдай бастады.
Әкім Құрылтай сайлауының нәтижесі Қазақстанның алдағы дамуына оң ықпал етеді деген сенімін білдірді. Оның пікірінше, жаңа саяси кезең қоғамдық диалогтың мазмұнын кеңейтіп, азаматтардың ел болашағын айқындауға қатысу мүмкіндігін күшейтеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында бұл сайлау ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға екенін атап өтті. Саяси шара қоғамдық диалогты жаңа деңгейге көтеріп, еліміздің болашағын бірге айқындауға мүмкіндік береді», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Алматы облысында дауыс беру белгіленген тәртіппен жалғасып жатыр. Сайлау процесін отандық және халықаралық байқаушылар бақылауда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







