Алматы облысының Райымбек ауданындағы Шалкөде жайлауында өткен «Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалі экологиялық мәдениеттің жарқын үлгісін көрсетті. Өңірдің 90 жылдығына арналған мереке «Таза Қазақстан» республикалық акциясының негізгі алаңдарының біріне айналды. Үш күндік фестивальге 25 мыңнан астам адам қатысып, табиғатты қорғауға бағытталған шараларға белсенді атсалысты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шалкөде жайлауындағы тазалықты сақтау үшін 105 биодәретхана мен 75 қоқыс контейнері орнатылды. Фестиваль аумағына үш арнайы техника шығарылып, экологиялық акцияға 110 ерікті, жергілікті тұрғындар мен жастар қатысты. Тазалық жұмысына 1 000 қап пен 1 000 жұп қолғап жұмсалды.
Үш күн ішінде шамамен 7 тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналды. Қоқыс арнайы техникамен белгіленген полигонға шығарылды. Ауқымды жұмыс көпшілік қатысатын мерекені табиғи ортаға зиян келтірмей өткізуге мүмкіндік берді.
Жалпы аумағы 116 480 шаршы метр болатын фестиваль алаңына 20 ақпараттық баннер орналастырылды. Тұзкөл ауылынан Шалкөде жайлауына дейінгі 28 шақырым жол бойына әр бес шақырым сайын қоқыс контейнерлері қойылды. Ұйымдастырушылар мұндай тәсіл табиғи аумақтың тазалығын сақтап, келушілер арасында жауапты мінез-құлық қалыптастыруға ықпал еткенін айтты.
Халықаралық этнофестивальге Қазақстанның әр өңірінен және шетелден мыңдаған қонақ келді. Шалкөде жайлауында 150-ге жуық ақшаңқан киіз үй тігіліп, қолөнер, этнодизайн, бейнелеу өнері, ұлттық тағам және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі өтті. Қазақ шеберлерімен бірге Қытай, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Армения, Өзбекстан және Грузиядан келген қолөнершілер туындыларын таныстырды.
Мерекелік бағдарламаға ұлттық спорт жарыстары, тарихи-танымдық көрмелер, этноауылдар мен мәдени іс-шаралар енгізілді. Көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген «Қарқаралы» жайлау көші қазақтың көшпелі өркениеті мен дәстүрлі тұрмысын кеңінен насихаттады. Ұлттық мұра мен табиғатқа жанашырлық фестивальдің ортақ мазмұнына айналды.
Фестивальдің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысты. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Райымбек ауданының тарихи-мәдени мұрасы, туристік әлеуеті және қазақ руханиятындағы айрықша орнына тоқталды.
Мерейтой аясында Қарасаз ауылында Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған екінші республикалық оқушылар айтысы өтті. Нарынқолда Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылып, аудан орталығында гала-концерт қойылды.
Мерекелік бағдарлама Шалкөде жайлауындағы «Жолан жүйрігі» республикалық ат бәйгесі және ұлттық спорт жарыстарымен қорытындыланды.
«Хантәңірі қазынасы» халықаралық этнофестивалі ұлттық мәдениетті дәріптеумен ғана шектелген жоқ. Шалкөдеде атқарылған тазалық жұмыстары «Таза Қазақстан» бастамасының нақты нәтижесін көрсетті. Табиғатқа құрмет пен қоғамдық жауапкершілік мерейтойдың басты құндылықтарының біріне айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







