Ерлан Қариннің кешелі бері талқыдан түспей тұрған атышулы видеоға назар аударуы тегін емес. Тойда тілек білдірудің орнына, уағыз оқып кеткен азамат Ақорданың тарапынан қолға алынатын тағы бір идеологиялық жұмысқа түрткі болуы мүмкін деп пайымдайды Ertenmedia.kz.
Алдымен Қариннің сөзін сығымдап жеткізейік. Елдің идеологиясына жауапты тұлға тойдағы ерсі көрініске қатысты:
«Қазақстан зайырлы мемлекет. Ата заң діңгегіміз. Бірінші орында елдің заңы тұр. Өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою шектен шығу. Көпшілік алдында өз пікірін қасақана таңу әдепсіздік. Ұлттық болмысқа қайшы келетін мұндай әрекетке ерте бастан тосқауыл қою қажет», – деп кесіп айтты.
Бүгінгі мәлімдеменің шалығы біраз жерге барады деп пайымдаймыз. Байқар болсаңыз, бас идеолог соңғы кезде қоғамдық кеңістіктегі шекараны нақты сызып беріп жатыр.
Бұған дейін (тағы сол Қариннің қолымен) тікелей эфирде аузына келгенін оттап-бұттап отыратын тиктокерлер жаппай штрап төлеп, тағы біразы түрмеге түнеген. Бетімен кеткен блогерлерді заң аясында бағындыру процесі қазірдің өзінде нәтиже беруде.
Ендігі кезек офлайн өмірге, соның ішінде еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін жиналатын той мәдениетіне жеткен тәрізді. Кейбір теріс ағымдардың өкілдері қауіпті идеясын бүрку үшін тойханаларды «паналай» бастағанын аңғару қиын емес.
Тойға жиналған жүздеген адам психологиялық жағынан босаңсыған, дастархан басында, сыйластық ахуалында отырған дайын аудитория. Тілек айту сияқты камуфляжды жамылып, микрофонды иемденген «ораторлар» қоғамның санасына өздерінің догматикалық қағидасын біртіндеп сіңіре бастағанын Ақорда да сезгендей.
Байқатпай жасалатын идеологиялық экспансияға қазірден бастап бөгет қоймаса, бұлардың ұяшықтарды едел-жедел балалай бастайды. Тойда отырып музыканы «арам», ән айтуды «күнә», домбыраны «шайтанның құралы» деп жариялау ұлттың мыңжылдық мұрасына жасалған тікелей агрессия.
Түнеукүнгі тойда бұдан бөлек әйел затын төмендету, олардың қоғамдағы, орнын кемсіту (әлгі азаматтың ұрғашы деп ұрып тұрған сөзін тыңдаңыз) сарыны көрініс берді. Зайырлы мемлекетте әйелдің құқы мен кадір-қасиеті Ата заңмен қорғалатын құндылық. Дүниемен бірге дамығысы келетін Қазақстанда тәліптердің деңгейіндегі үгіт-насихат жүргізуге біздіңше толыққанды тыйым салынуы керек.
Қариннің бүгінгі сөзінен алдағы уақытта Ақорданың тойдағы уағызшылдықты ауыздықтауға шындап кірісетінін байқауға болады.
Дереккөз: Ertenmedia телеграм арнасы
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







