Президент Тоқаев Мұхтар Тілеубердіні Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындады. Тәжірибелі дипломат араға үш жыл салып, сыртқы саясат ведомствосының тізгінін қайта ұстады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген ресми хабарламада.
Тілеуберді тағайындалғанға дейін еліміздің Австриядағы елшісі әрі Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі қызметін атқарды.
Ол Сыртқы істер министрлігін бұған дейін 2019–2023 жылдары басқарған. Бір кезеңде премьер-министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі қызметін қатар атқарды.
Тілеуберді дипломатиялық еңбек жолын 1993 жылы Сыртқы істер министрлігінде атташе болып бастаған. Кейін Қазақстанның Израильдегі, Малайзиядағы, Индонезиядағы және Брунейдегі дипломатиялық өкілдіктерінде жоғары қызмет атқарды.
Жаңа министр осы қызметте 2025 жылғы қыркүйектен бері ведомствоны басқарған Ермек Көшербаевты алмастырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







