Үкіметте ірі ауыс-түйіс болды. Президент әкімшілігіне ауысқан Роман Склярдың орнын Қызылорда облысынан келген Нұрлыбек Нәлібаев басты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкіметтегі бірінші вице-премьер лауазымы дәстүр бойынша тәжірибесі мол, өткір мәселелерге жедел кірісетін практик басшыларға сеніп тапсырылады. Себебі осы қызметте экономикалық, салалық және өңірлік түйткілдерді сөзбұйдаға салмай, дереу шешуге тура келеді.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, осы дәстүр кейінгі кабинеттерде орнығып та үлгерген.
Мәселен, Кәрім Мәсімов үкіметінде осы міндетті Бақытжан Сағынтаев атқарса, Сағынтаевтың кабинетінде Асқар Маминге, кейін Жеңіс Қасымбек пен Роман Склярға жүктелді. Скляр бірінші вице-премьер лауазымын Әлихан Смайылов пен Олжас Бектеновтің кабинетінде де қатар алып жүрді.
Күні кеше стратегиялық сипаттағы лауазымға ауысқан Роман Склярдың орнын 49 жастағы Нұрлыбек Нәлібаев басты. Әшімбаевтың пікіріне сүйенсек, жаңа вице-премьердің жолы да, жөні де бөлек.
Ол мансабын бизнестен бастап, Шиелі ауданының әкімі болды, одан соң Қызылорда қаласын басқарды. 2021-2022 жылдары Үкімет кеңсесінің өңірлік даму бөлімін басқарып, аймақтардың мәселесі мен жобаларын қадағалап, орталықтың тынысын сезінді.
Соңғы төрт жылда Қызылорда облысының әкімі қызметінде өзін жауапты саяси жетекші, сауатты ұйымдастырушы ретінде көрсетті. Облыс экономикасында айтарлықтай ілгерілеу байқалды. Логистика, құрылыс пен ауыл шаруашылығында әжептәуір қарқын сезілді.
Тоқаев Нәлібаевқа қалай қарайды?
Президент Тоқаев Нәлібаевтың басқару қабілетіне бұған дейін-ақ оң баға берген. Өткен жылы Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысын Сыр өңінінде өткізіп, ал биыл оны Конституциялық комиссия құрамына енгізгені кездейсоқ емес.
«Нәлібаев елордаға мықты мектептен өтіп, нақты нәтижемен келген басшы. Оның еңбек жолында бизнес, аудан, қала, облыс және Үкімет аппаратының тәжірибесі үйлесім тапқан. Бұл ма, бұл сирек кездесетін құбылыс», – дейді Әшімбаев.
Сапарбаев, Көшербаев, Нәлібаев…
Сарапшының сөзінше, Қызылордадан шыққан саяси қайраткерлердің басқару мектебі де мықты қалыптасқан. Осы өлкенің топырағынан шыққан Бердібек Сапарбаев пен Қырымбек Көшербаев секілді тұлғалардың атын атасақ та жеткілікті. Нәлібаев осы дәстүрді жалғастырушы ғана емес, өзіндік дара жолы бар дербес басқарушы ретінде танылып үлгерген басшы.
«Өңірлік тәжірибе Үкіметтің негізгі қозғаушы күші. Қазіргі кабинет мүшелерінің дерлігі дәл сондай жолдан өткен. Мысалы, Бектенов Ақмола облысы әкімінің орынбасары, Бозымбаев үш облыстың әкімі, Балаева мен Нағаспаев елорда әкімінің орынбасары болды. Ал Көшербаев Шығыс Қазақстан, Сапаров Солтүстік Қазақстан, Нұржігітов Жамбыл облыстарын басқарса, Сауранбаев Шымкентті басқарды. Әрине әркімнің нәтижесі әрқалай болуы мүмкін, бірақ өңірлерден келген басқарушылардың тәжірибесі үкіметке ауадай қажет», – деп түйіндейді саясаттанушы.
Склряр? Президент әкімшілігіне жетекшілік ететін Роман мырза жақын күндері тағы бір ірі құрылымның тізгінін ұстауы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







