Қазақстанда мыс концентратын қайта өңдеу тарифін айқындау әдістемесіне қатысты қызу пікірталас өрістеді. Отандық тау-кен және металлургия саласының мамандары аталған мәселені жай ғана қызмет құнын реттеу емес, еліміздің шикізаттық бағыттан жоғары өңделген өнім өндіруге көшуін айқындайтын стратегиялық таңдау деп бағалап отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Биыл ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мыс концентратын өңдеу тарифін айқындайтын бірыңғай әдістемені бекіту құзыретіне ие болды. Жаңа ереженің дайындалуы кен өндіруші алпауыттар мен металлургиялық балқыту зауыттары арасындағы мүдделер қақтығысын ашық алаңға шығарды.
Даудың төркіні: Жаһандық парадокс және Қытай факторы
Пікірталастың негізгі өзегі – халықаралық нарықтағы өңдеу ақысының (Treatment Charges – TC) күрт құлдырауында. 2026 жылы әлемдік тәжірибеде тарихта алғаш рет концентратты өңдеудің бенчмарк-мөлшерлемесі нөл доллар деңгейіне түсіп, тіпті споттық бағалар теріс мәнге ие болды. Мұндай аномалия мыс бағасының қымбаттап тұрғанына қарамастан орын алып отыр.
Мұның басты себебі – соңғы жиырма жылда әлемдік мыс балқыту қуаттары өсімінің 90 пайыздан астамын иеленген Қытай металлургиясының шикізат тапшылығына ұшырауы. Өз кәсіпорындарын тоқтатпау үшін қытайлық зауыттар кенді тіпті өңдеу ақысын талап етпей-ақ қабылдауға көшкен.
Осы жағдайды пайдаланғысы келетін кейбір отандық кен өндірушілер ел ішіндегі қайта өңдеу тарифін де осы нөлдік жаһандық деңгейге байлауды немесе концентратты тікелей шетелге шикі күйінде шығаруды талап етеді. Алайда, халықаралық нарықтық конъюнктураның отандық зауыттардың нақты шығындарын (электр энергиясы, еңбекақы, экологиялық шаралар, логистика мен жабдықты жаңғырту) жоққа шығармайтыны анық. Егер тариф тым төмендетілсе, ел ішіндегі мыс қорыту зауыттары банкротқа ұшырап, Қазақстанның металлургиялық дербестігіне ауыр соққы тимек.
Ғалым үні: «Жер қойнауы халыққа тиесілі» қағидаты қалай жұмыс істеуі керек?
Саладағы осы күрделі түйткілге Сәтбаев университетінің Ө.А. Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институты Металлургия және пайдалы қазбаларды байыту кафедрасының профессоры, PhD докторы Омірсерік Байгенженов терең кәсіби талдау жасады. Айта кетейік, ғалым – дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның үш мәрте (2015, 2019 және 2023 жылдары) иегері, «ЖОО үздік оқытушысы – 2020» атағының лауреаты, Хирш индексі 20-ға жеткен, 50-ден астам халықаралық рецензияланатын ғылыми еңбектің авторы.
Профессор әдістеме төңірегіндегі таластың қызмет бағасынан әлдеқайда асып кеткенін, оның ел экономикасының келешегіне тікелей қатысы барын мәлімдеді.
«Бұл дискуссияның артында Қазақстан мыс өнеркәсібінің қай моделін салғысы келеді деген басты сауал тұр. Біз тек концентрат өндіріп, оны экспорттаумен шектелеміз бе, әлде ел ішінде келесі өндірістік қайта бөлу сатыларын дамытамыз ба? Әлемдік өңдеу төлемдері тарихи минимумға түсіп тұрған қазіргі сәтте Қазақстан жоғары өңделген өнім шығару міндетін қойып отыр», – деп жазды ғалым.
Омірсерік Байгенженов конституциялық «жер қойнауы халыққа тиесілі» деген талаптың нақты экономикалық мәніне тоқталып, мемлекеттің өз табиғи байлығын шикізат күйінде сатып жібермей, оны өнеркәсіптік құралға айналдыруға толық хақылы екенін еске салды.
«Бұл қағидат шикізат экспортына тыйым салуды білдірмейді, бірақ табиғи ресурстардың елге тек өндіруден түсетін табыс қана емес, қайта өңдеу, инвестициялар, жұмыс орындары мен өнеркәсіпті өркендету арқылы қосымша құн әкелуіне мемлекеттің жағдай жасау құқығын көздейді. Экономикалық тұрғыдан алғанда, елдің ресурс базасы Қазақстанның ұзақмерзімді мүддесіне қызмет етуге тиіс», – деп атап өтті металлург-профессор.
1,4 миллион тонна концентрат: Қосылған құнды кім иеленуде?
Ғалым келтірген нақты деректер бойынша, 2025 жылы Қазақстан шетелге шамамен 1,42 миллион тонна мыс кені мен концентратын экспорттаған. Яғни, орасан зор шикізат көлемі өңдеуге жіберілмей, өзге мемлекеттердің зауыттарын жұмыспен қамтамасыз етуге кеткен.
Технологиялық тұрғыдан мыс концентраты дайын өнім емес. Байыту сатысынан кейін шихта дайындау, балқыту, конвертерлеу, отты және электролиттік рафинадтау сияқты күрделі металлургиялық тізбек жүреді. Концентратты шетелге сатқан сәтте Қазақстан қосылған құн жасау тізбегінің ең майлы бөлігінен, сондай-ақ қосымша өнім ретінде бөлініп алынатын алтыннан, күмістен және күкірт қышқылынан айырылады.
Бүгінде елдің мыс балқыту тарихына үңілсек, Балқаш мыс балқыту зауыты 1938 жылы, ал Жезқазған зауыты 1971 жылы іске қосылған. Бұл кәсіпорындар қанша жаңғыртылғанымен, елімізге жаңа металлургиялық қуаттардың қажеттілігі күн өткен сайын артуда.
Бұл бағыттағы маңызды қадам – Балқашта 750 миллиард теңге жеке инвестиция есебінен салынатын жаңа мыс балқыту зауыты. 2030 жылы іске қосылуы тиіс кәсіпорын жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 миллион тоннадан астам күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы болмақ. Алайда, егер елде ішкі өңдеу тарифін реттейтін әділ ереже болмаса, жаңа жобаларға инвестор тарту да мүмкін болмайды.
Шешім қайда: Арзан тариф қаупі және жаңа талаптар
«Бүгінгі төмен тариф – ертеңгі жоғалған өндірістік қуаттар» деген қағида нақты қауіпті ескертеді. Егер мемлекет тек кен өндірушілердің қысқамерзімді пайдасын көздеп, өңдеу тарифін қолдан құлдыратса, отандық зауыттар амортизациялық шығындарын жаба алмай қалады.
Нәтижесінде жаңа технологиялар енгізілмейді, жабдық тозады, ал экологиялық талаптарды орындау қаржы тапшылығынан кейінге қалады.
Осыған орай, бекітіліп жатқан жаңа әдістеме мынадай талаптарға сай болуға тиіс:
Өңдеу тарифі тек сыртқы алыптардың күмәнді бағасына байланбай, отандық зауыттардың нақты операциялық және экологиялық шығындарын толық ескеруі керек;
Тарифтің инвестициялық бөлігі қатаң бақылауға алынып, кәсіпорындардың нақты жаңғырту жобаларына және өзін-өзі ақтау мерзімдеріне тікелей байланыстырылуы қажет;
Катодты мыспен шектелмей, одан ары кабель, сым, түтікшелер мен жоғары технологиялық электроникаға қажетті бөлшектерді ел ішінде шығаратын өнеркәсіптік кластерлер қалыптастырылуы шарт.
Қазақстанның шикізаттық басымдығы тек кен қазып, оны сыртқа вагонмен жөнелтумен өлшенбеуі тиіс. Өңдеу тарифіне қатысты сауатты, ашық және экономикалық негізделген ережелерді қабылдау – еліміздің шикізаттық колониядан дербес өнеркәсіптік державаға айналуының шешуші сынағы. Табиғи ресурстардың қосылған құны мен оның қызығы өз еліміздің азаматтары мен өндірісіне қызмет етуге тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







