Алматыда құрғақ шөптің өртену дерегі біртіндеп азайып келеді. Қаладағы төтенше жағдай қызметі мұны алдын алу жұмысының күшеюімен байланыстырып отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Константин Канин осындай мәлімет айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның сөзінше, Алматы аумағында ірі орман алқабы жоқ. Соған қарамастан, қаланың табиғи қорының елеулі бөлігін тау сілемі мен орман-саябақ белдеуі құрайды. Сол аумаққа Іле-Алатауы ұлттық паркінің 20 мың 805 гектары, «Медеу» табиғи паркінің 708,2 гектары және Баум тоғайының 137,7 гектары кіреді. Жыл басынан бері осындай аймақта жалпы аумағы 1,3 гектарды құраған 51 өрт тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда төмен.
Маманның айтуынша, өрттің шығуына көп жағдайда адам факторы әсер етеді. Тұрғындар от жаққанда сақтық сақтамайды, кейде тұрмыстық қалдық салдарынан да жалын тұтанып, құрғақ шөп тез лап қояды. Осы қауіптің алдын алу үшін қалада өрт қаупі жоғары маусым алдында бірқатар шара қолға алынған.
Қазір тұрғын үй аумағының шекарасында және тау бөктерінде минералдандырылған жолақ салу жүріп жатыр. Аудан әкімдіктерімен бірлесіп, осындай учаскенің 5,5 шақырымнан астамы жабдықталған. Онымен қатар 10 гектар аумақтағы тез тұтанатын қураған өсімдік шабылған.
Өрт ошағын ерте анықтау және туристерге қауіпсіздік талабын ескерту үшін Шымбұлақ, Медеу және Бутаков шатқалында ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланыла бастады. Камерамен жабдықталған бейнебақылау жүйесі де жұмыс істеп тұр. Қосымша бақылау үшін «Көк-Төбе» телерадио мұнарасында екі бейнекамера, Алатау ауданының индустриялық аймағында тағы бір камера орнатылған.
Қалада орман-саябақ пен тау бөктеріндегі аумақта күн сайын кезекшілікке шығатын жедел әрекет ету топтары құрылған. Биыл 30 наурыздан бастап Іле-Алатауы ұлттық паркі, «Көк-Төбе» паркі және Шымбұлақ аумағында механикаландырылған күзет қызметі де іске кіріскен.
Константин Канин өрттің негізгі себебі көбіне адам әрекетіне байланысты екенін айтты. Сол себепті түсіндіру жұмысы күшейтіліп, тұрғындарға қауіпсіздік талабын қатаң сақтау жөнінде тұрақты ескерту жасалып жатыр.
Контекст
Қала тұрғындары мен туристер демалыс орнында қоқыс пен тез тұтанатын қалдық қалдырмауы керек. Жанып тұрған сіріңке мен темекі тұқылын тастауға, құрғақ шөпті әдейі тұтатуға жол берілмейді. От пен мангалды тек арнайы жабдықталған жерде ғана пайдаланған жөн.
Өсімдігі қураған аумақта, ағаш түбінде, орман-саябақ белдеуінде, жанғыш материалдан салынған шатыр мен құрылыс маңында, арнайы жабдықталмаған саябақ пен демалыс орнында, тұрғын үйде, балкон мен лоджияда, құрылыс нысанында, гаражда, шатырда, төбеде, сондай-ақ ғимарат пен жанғыш материал сақталатын жердің жанында ашық от жағуға қатаң тыйым салынады.
Алматыда қаланың санитарлық жағдайы мен көркін жақсарту мәселесі қайтадан қатаң бақылауға алынды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







