Бүгін Өскемен әуежайында Астанада өткен Жеңіс парадына қатысып қайтқан шығысқазақстандық ардагерлерді салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Ұшақ әуеде келе жатқанда-ақ, әуе кемесінің командирі жолаушыларға бортына Жеңіс қаһармандары отырғанын хабарлады. Бұл хабар жолаушылардың ешқайсысын бей-жай қалдырған жоқ. Себебі олардың әрқайсысы — ұлы ерліктің символы, халқымыздың өткен тарихының куәгері.
Өскемен әуежайында ардагерлерді оркестр, гүл шоқтары, қошемет пен сыйлықтармен қарсы алды. Кейін әрқайсысы қалалар мен аудандарда құрмет көрсетіліп, кортежбен алып жүрілді — бұл шығысқазақстандықтардың нағыз батырларын қарсы алу салтына айналған дәстүр.
– Құрметті ардагерлер мен тыл еңбеккерлері! Сіздерді шын жүректен Жеңіс күнімен құттықтаймын! Сіздерге алғысым мен шексіз құрметімді білдіру мен үшін үлкен мәртебе. Сіздердей жандардың арқасында біз бейбіт аспан астында өмір сүріп, болашағымызды құрып, ұрпағымызды патриоттық рухта тәрбиелеп келеміз. Сіздердің ерліктеріңіз ешқашан ұмытылмайды, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Парадқа қатысушылардың қатарында – соғыс жолдарынан өткен, Литва мен Беларусьті азат еткен, Кёнигсбергті алу шайқасына қатысқан Құрмат Рахимұлы Рахимов бар. Жеңістен кейін ол Одақ шекарасында қызметін жалғастырып, кейін облыстық ІІБ бастығының орынбасары болды. Оның марапаттарының қатарында «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Әскери еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін» ордендері мен медальдары бар.
Онымен бірге тыл еңбеккерлері де бар. Солардың бірі — Юрий Васильевич Новолоцкий. Ол небәрі алты жасында фермада жұмыс істеген. Ұшқыш болуды армандағанымен, қуғын-сүргінге ұшыраған отбасынан шыққаны оған кедергі болды. Бірақ ол өмір бойы адал еңбек етіп, қылмыстық іздестіру саласында жұмыс істеп, екі ұлын тәрбиелеп өсірді.
Күлзаги Алиханова – 35 жылын ұстаздыққа арнаған, Орлов мектебінің аяулы мұғалімі. Ол бес баланың ғана емес, бүкіл ауыл балаларының «екінші анасы» атанған, бар ғұмырын білім мен тәрбиеге арнаған жан.
Елена Владимировна Ступак бала кезінен колхозда жұмыс істеп, кейін Өскемендегі педагогикалық техникумды тәмамдаған. Қарапайым, еңбекқор, рухы мықты жан — дәл осындай әйелдерді тылдың тірегі деп атаған.
Олардың әрқайсысы – тарихтың бір бөлшегі, ұлы Жеңіске апарған жолдың тірі куәсі. Бүгінгі гүл мен қошемет – олардың ерлігіне деген шексіз ризашылықтың бір көрінісі ғана. Себебі болашақ — осындай жандардың арқасында.