Алматының Әуезов ауданында 1200 оқушыға арналған жаңа №13 мектеп-гимназияның құрылысы жүріп жатыр. Апатты деп танылған ескі білім ордасының орнына салынып жатқан нысан ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын күшейтеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Құрылыс алаңы Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турының негізгі нысандарының бірі болды. Журналистерге жұмыс барысын Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев таныстырды.
Аудан әкімінің айтуынша, бұрынғы мектеп ғимараты техникалық тексеру мен сараптама қорытындысы бойынша апатты деп танылған. Ескі нысан небәрі 340 оқушыға есептелген еді.
– Жаңа ғимараттың жобалық қуаты 1200 орынға арналған. Нысан аудандағы оқушы орнының тапшылығын едәуір азайтып, балалардың сапалы әрі жайлы жағдайда білім алуына мүмкіндік береді, – деді Абзал Егембердиев.
Жобаның тапсырыс берушісі – Алматы қаласының Құрылыс басқармасы. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін жұмыс 2026 жылғы сәуірде басталды.
Қазір құрылыс алаңында 200-ден астам маман мен 20-дан аса арнайы техника жұмыс істеп жатыр. BI Group компаниясының жоба басшысы орынбасары Ернат Рымхановтың мәліметінше, нысанның жалпы дайындығы шамамен 40 пайызға жеткен.
– Жер жұмысы толық аяқталды. Қазір монолитті құрылым салынып, ішкі әрлеу мен инженерлік жүйелерді орнату қатар жүргізіліп жатыр. Құрылыс-монтаж жұмысын 2026 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланған, – деді ол.
44 кабинет пен 354 орындық асхана
Жоба бойынша жалпы аумағы 12,7 мың шаршы метрден асатын үш қабатты ғимарат салынады. Жаңа мектеп білім беру нысандарына қойылатын қазіргі талаптарға сай жабдықталады.
Ғимаратта 44 оқу кабинеті, спорт залы, хореография және балет залы, кітапхана қарастырылған. Оқушыларға арналған асхана 354 орынға есептелген.
Жобалау кезінде қауіпсіздік пен сейсмикалық төзімділікке ерекше мән берілді. Энергия тиімділігіне арналған инженерлік шешімдер енгізіліп, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылады.
Қазіргі уақытта ескі ғимаратты бұзу мен жер жұмысы толық біткен. Жаңа мектеп қаңқасының 68 пайызы орнатылып, сыртқы инженерлік желілердің 90 пайызы тартылды.

Құрылысшылар ішкі инженерлік коммуникацияларды жүргізіп, қабырғалар мен қалқаларды тұрғызып жатыр. Сонымен қатар ішкі әрлеу мен мектеп аумағын абаттандыру жұмысы жалғасуда.
Абзал Егембердиевтің айтуынша, құрылыс барысы бекітілген кестеге сәйкес тұрақты бақылауда. Жұмыс сапасы мен нысанды белгіленген мерзімде аяқтау мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.
Ескі мектептің оқушылары қазір жақын маңдағы білім беру нысандарында уақытша оқып жүр. Жаңа ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін олар келесі оқу жылында өз мектебіне қайта оралады.
№13 мектеп-гимназия Әуезов ауданындағы ірі білім беру нысандарының біріне айналады. Жаңа ғимарат оқушы орнының тапшылығын азайтып, өскелең ұрпақтың қауіпсіз әрі заманауи ортада білім алуына жағдай жасайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







